2025 жылы круиздік саяхаттарға шыққан жолаушылар саны 37 миллионнан асып, тарихи рекорд орнатты.
Халықаралық круиздік компаниялар қауымдастығы сұраныс алдағы уақытта да арта түседі деп болжап отыр. Ұйымның бағалауынша, 2026 жылы жолаушылар саны 38 миллионнан асып, 2029 жылға қарай 42 миллионға жетеді.
Экономистер бұл үрдісті тұтынушылардың әдеттерінің өзгеруімен түсіндіреді. Экономика баяулаған жағдайда да көптеген адам саяхат пен жаңа әсер алудан бас тартпай, автокөлік, жиһаз және басқа да тауарларды сатып алуға жұмсалатын шығындарын қысқартуды жөн көреді.
Круиз операторлары табысының едәуір бөлігін билет сатудан емес, кемедегі қосымша қызметтерден алады. Экскурсиялар, мейрамханалар, СПА бағдарламалары, казинолар мен сусындар компаниялардың пайдасының айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етеді.
Теңіз круиздерінің ең ірі нарығы — АҚШ. Былтыр америкалық туристер 20,6 миллион круиздік саяхат жасаған.
Екінші орында Германия тұр. 2025 жылы ел тұрғындары теңіз круиздеріне шамамен 3 миллион рет шыққан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға жуық көп.
Саланың өсуімен бірге жаңа сын-қатерлер де туындап отыр. Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты компаниялар бағыттарын қайта қарастырып жатыр. Ал экологиялық талаптардың күшеюі экологияға зияны аз кемелер жасауға және отынның жаңа түрлерін пайдалануға инвестиция салуды талап етеді. Сонымен қатар көптеген оператор пандемия салдарынан кейін бизнестерін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Осы факторларға қарамастан, сарапшылар алдағы жылдары әлемде теңіз круиздеріне деген сұраныс арта береді деп болжап отыр.
Еске сала кетейік, жапондық Nippon Maru круиздік кемесі 35 жылдық саяхаттан кейін қызметін аяқтады.