38 млн теңге айыппұл: Шымкентте 4500-ге жуық жолаушы қоғамдық көлікте жолақы төлемеген

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Бүгінде Шымкент қаласында 1150 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде 151 автобус үш жылға дейінгі, 954-і жеті жылға дейінгі, ал 45-і жеті жылдан асқан көліктер қатарына жатады.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаһарда қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып келеді.

– Өткен жылы тасымалдаушы компаниялар тарапынан 88 жаңа автобус сатып алынды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында тағы 17 автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін қосымша 200 автобус сатып алу жоспарланған, – делінген басқарма ұсынған ақпаратта.

Ведомство дерегінше, қалада қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын жолаушылар саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы қоғамдық көлікпен 80,1 млн жолаушы тасымалданса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 95,3 млн адамға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 27 млн жолаушы тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артқан.

Соған қарамастан қоғамдық көлікте жолақы төлемеу жағдайлары тыйылмай тұр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жолақы төлемеген 4474 жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсына 2 АЕК мөлшерінде, яғни 8650 теңге айыппұл салынды. Жалпы өндірілген айыппұл көлемі – 38 млн теңге.

Бұдан бөлек жолақыны қолма-қол қабылдаған 380 жүргізуші анықталған. Шымкент қаласының көліктік бақылау инспекциясы олардың 228-іне қатысты әкімшілік хаттама рәсімдеп, әрқайсысына 5 АЕК мөлшерінде (21 625 теңге) айыппұл салған. Жалпы айыппұл сомасы – 4,9 млн теңге.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында 83 тұрақты маршрутта күн сайын 988 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 79-ы әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде субсидияланады. Қалаішілік тасымалды 14 көлік компаниясы шарт негізінде жүзеге асырып отыр.

Бұдан бұрын 2026 жылы Шымкентте қоғамдық көліктегі жолақы құны 70 теңгеден 120 теңгеге дейін өсуі мүмкін екені хабарланған болатын.