39 бала уланған пойыз мейрамханасының директоры мен аспазшысы 1 жылға сотталды

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - 39 бала уланған пойыз мейрамханасына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР Бас көлік прокуратурасынан хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы шілде айының соңында 8 және 14 жас аралығындағы 39 бала Алматы қаласындағы «Альтаир» лагерінен Атырауға қайтып бара жатқан еді. Балалар жолда №41 «Алматы -Атырау» жолаушылар пойызының мейрамханасынан тамақтанған. Пойыз Түркістан бекетінен өткеннен кейін, тәрбиеші балалардың жағдайы әлсірегенін байқап, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Балалар Белкөл бекетінен Қызылорда облысының жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген болатын.

Тексеру амалдары балалардың улануына вагон мейрамханасының директоры М.Бодиев пен аспазшы С.Әсемханованың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзуы себеп болғанын анықтады. 

2011 жылдың 22 желтоқсанында Қызылорда қаласының сот үкімімен М.Бодиев және С.Әсемханова кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Үкім өз күшіне енді.