*** Қызылорда облысында құрылыс қарқыны жыл санап артып келеді. Мысалы, былтыр аймақта 152 нысан пайдалануға берілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда, 2 есеге артық. Нақтырақ айтар болсақ, алдыңғы жылы 76 нысан салынған. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Өткен жылы 152 нысан пайдалануға берілді» деген мақаласында жазады. Басылымның атап өтуінше, өткен жылы бой көтерген нысандардың ішіндегі 23 ғимарат білім саласына тиесілі екен. Атап айтқанда, 19 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау саласы бойынша 3 емхана, 11 амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт бой көтерген. Ал, 8 нысан - мәдени ошақтар. Сондай-ақ, 2 коммуналдық шаруашылық нысаны және 1 мемлекеттік мекеме ғимараты ашылды. Бұдан бөлек, облыста 1 қоршаған ортаны қорғау, 1 табиғи және техногендік бағыттағы нысанның құрылысы аяқталған. 8 нысан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында салынды. Ал 2013 жылы «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 91 тұрғын үй пайдалануға берілді. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында Қызылорда облысы 2013 жылдың бірінші жарты жылдығында құрылыс салу қарқыны бойынша республикада бірінші орынға шыққанын да айта кеткен абзал шығар.
*** Құйған ауылының азаматы Мырзалы Батырханның іс-әрекетін бүкіл Балқаш ауданының жұртшылығы ерлік деп, оған үлкен құрмет көрсетіп отыр. Аудан әкімі Бейсеғали Жүнісов те: «Мұндай батыл әрекет бағалануы керек», - деп жақында оған Балқаш ауданының құрметті азаматы атағын беріп, кеудесіне төсбелгі тақты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Батыл әрекет орынды бағаланды» деген мақаласында жазады. Басылымның атап өтуінше, оқиға былай болған. Бүкіл аудан халқы ерлікке балап отырған іс-әрекетті жасайтын күні Батырхан балық аулауға шыққанда жел баяу еді. Балқаш көлі әдетінше тербеліп қана жатқан-ды. Түс ауа жел күшейіп, толқындар ақ көбігін шашып, мінез көрсете бастады. Теңіздің сыры өзіне белгілі. Жуық арада басыла қоймайды. Осындай оймен қайтуға жинала бастағанда алыстан суға бір батып, бір шығып бара жатқан адамдарды көзі шалады. Ойланбастан қайығын солай қарай бұрып барса, қайықтары аударылып, өмір үшін арпалысып жатқан төрт адамды көреді. Біртіндеп, төртеуін де қайыққа шығарып алыпты. Олардың екеуі Алматы қаласынан келгендер екен. Біреуінде мүлде жан жоқ тәрізді. Жолдасы суға батырмай, жандалбасалап жүріпті. Барлығы да қатты жаурап қалыпты. Мырзалы Батырхан өзінің осы әрекетін ешқандай ерлікке баламайды. «Менің орнымда кім де болса осылай әрекет етер еді, мен тек оларды кездейсоқ байқап қалдым», - дейді ол. Ал ажал тырнағынан аман қалған төртеуі: «Суға ағып, асау толқындармен арпалысып жүргенде, екі қайық қасымыздан өтіп кетті. Олар бізді байқамады ма, қайырылған жоқ. Біз Батырханға шексіз ризамыз», дейді. *** Алматыдағы ірі бизнесменнің ұлы іздеуге жарияланды. Александр Митрофанов жаяу жүргіншіні көлікпен қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Онымен қоймай, ол бұрын да полиция назарына көп ілінген болып шықты деп жазады «Экспресс К» газеті «Смерть из ниоткуда» атты мақаласында. Бұл оқиға желтоқсанның 28-нен 29-ына ауған түні болыпты. 49 жастағы Әділғазы Нұрқасымов бағдаршамның жасыл жарығына жолды кесіп өтіп келе жатқанда, B 707 AB мемлекеттік нөмірлі қара Range Rover қағып кетті. Куәлердің айтуынша, соққының қатты болғаны соншалық, адамды 15 метр қашықтыққа ұшырып жіберген. Құзырлы органдардың мәліметінше, көліктің рулінде 23 жастағы Александр Митрофанов отырған. Ол - «Желтоқсан» ЖШС директоры Игорь Митрофановтың ұлы. Оқиға орнында көлік иесі жедел жәрдем келгінін күтіп, жәбірленушіні жедел жәрдем көлігіне салуға көмектесіп, содан кейін оқиға орнынан ізін суытқан. Әділғазы Нұрқасымов қалалық ауруханаға жеткізілгенімен, есін жия алмай, көз жұмды. Оның үш баласы тұл жетім қалды, оның үсітіне ең кіші қызы мүгедек екен. Сол түні әкесі жарымжан қызына дәрі әкелмек болып далаға шыққан екен. Ал осыдан екі жыл бұрын бұл балалардың шешесі де о дүниелік болыпты.