4 айда Қазақстан экономикасына 4,9 трлн теңге инвестиция салынған

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың 4 айында Қазақстаның негізгі капиталына 4,9 трлн теңге инвестиция салынған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

— Алғашқы 4 айда негізгі капиталға салынған инвестиция 6,7% өсіп, 4,9 трлн теңгеге жетті. 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 20,5 млрд доллар болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп (17,9 млрд долл.), — деді вице-министр.

Министрлік өкілі Moody’s, Standard & Poor’s және Fitch сияқты халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның инвестициялық рейтингін үнемі растап отырғанын атап өтті.

— Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар жасалған. Компанияларды тіркеу EGOV порталы арқылы онлайн форматта қолжетімді. Инвесторларға инвестициялық келісімшарт жасасу шеңберінде салықтық және кедендік преференциялар, инвестициялық субсидиялар, заттай гранттар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары беріледі, — деді Арман Қасенов.

Бұған дейін «Бәйтерек» экспортты қолдау мен инвестиция тартуды күшейтетінін жазған едік.