4 айлық баланың өміріне қауіп төндіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - 5 тамыз күні Астана қалалық ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына 4 айлық нәрестенің жоғалғандығы туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

1975 жылы туған Л. есімді азаматша баланың жоғалғандығы туралы арыз берген. Полиция қызметкерлеріне жазған арызында ол өзімен бірге тұратын 1989 жылы туған Астана қаласының тұрғыны С. есімді азаматпен құрбы қыздың саяжайына барғандығын жазған. Ол жерге барған соң екеуінің арасында жанжал туындап, жас жігіт әйелдің қолынан баланы жұлып алып, аялдамаға қарай бет алған. осыдан кейін автобусқа отырған С. есімді азамат белгісіз бағытқа кеткен. Бірнеше уақыт өткен соң арызданушы жігітті ұйқыда жатқан жерінен тапқан. Қызы туралы сұрағына жігіт ағаш бұталарының арасында тастап кеткенін, бірақ нақты қай жер екені есінде қалмағандығын айтқан.

Сәбиді іздеу үшін Есіл аудандық ішкі істер басқармасының барлық жеке құрамы жұмылдырылып, сонымен қатар өзендерді тексеру үшін суға сүңгушілер де қатысқан.

Баланы келесі күні, 6 тамызда сағат 12.00 шамасында полиция қызметкерлері саяжай ауданына қарасты аумақтарды тексеру барысында тапқан. Табылған кішкентай нәресте жедел-жәрдем қызметіне беріліп, әрі қарай дәрігерлік тексерістен өткізу үшін 2 ауруханаға жатқызылды.

Осы іс бойынша ҚР ҚК-нің 119 бабымен көзделген (қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыс құрамдары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде аталған азамат Астана қалалық ІІД уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.