АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық жануарлар күні
Флоренцияда 1931 жылы өткен Табиғатты қорғаушылар қозғалысы белсенділерінің халықаралық конгресі шешімімен бекітілген. Жер шарының басқа тіршілік иелерінің проблемаларына адамзаттың назарын аудару мақсатын көздейді.
Бұл атаулы күнге 4 қазанның таңдалу себебі, бұл күн жануарлардың қамқоршысы саналатын католик Әулие Франциск Ассизскийді еске алу күні (1181/1182 – 1226 жылғы 4 қазан) ретінде белгілі.
Адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні (4-10 қазан – Дүниежүзілік ғарыш апталығы)
Адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні. 4-10 қазан – Дүниежүзілік ғарыш апталығы 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігі ұшырылды. 1967 жылдың қыркүйек айында Халықаралық астронавтика федерациясы бұл күнді мереке ретінде жариялады. Ғарыш ғылымы мен технологиясының жер бетіндегі адамзаттың өмірін жақсартуға қосқан үлесін ескеру мақсатында 1999 жылғы 6 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 54/68 қарарына сәйкес аталып өтеді.
Қазақстан Қарулы Күштерінің Зымыран әскерлері мен артиллерия күні
2000 жылдың 4 қазанында Қазақстан Қорғаныс министрінің нұсқауымен Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысының басқармасы құрылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚТҒАЛАР
1920 жылы Орынборда Қазақстан кеңестерінің Құрылтай съезі өтіп, Қазақ АССР-нің (Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы) Декларациясы қабылданды. Декларация РКФСР құрамына кіретін Қазақ АССР-нің құрылғанын жариялады. С. Меңдешев басшылық еткен Орталық Атқару Комитеті және В. Радус-Зенкович басшылығындағы Халық комиссарларының Кеңесі сайланды. Ресей құрамындағы Қазақ АССР-інің астанасы Орынбор қаласы болды. Осыған орай Орынбор губерниясы 1920 жылғы қыркүйекте Қазақ АССР құрамына кірді. Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Маңғыстау уезі, Красновод уезі, Астрахан губерниясынан құралған Республиканың жер көлемі 2 млн шаршы шақырымды құрап, халқының саны 5 миллионға жетті.
1957 жылы Қазақстанда Байқоңыр айлағынан құрлықаралық баллистикалық зымыран көмегімен орбитаға алғашқы жасанды серік ұшырылды. Ол жердің жақын нүктесі перигейде 228 шақырым және алыс нүкте - апогейде 946 шақырымға көтеріліп, жылдамдығы 28 565 км/сағ. дейін жетті.
1991 жылы Гурьев қалалық Халық депутаттары кеңесі облыс орталығының атауын Атырау қаласы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.
1994 жылы Ангола Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
Ангола Республикасы – Африканың оңтүстік-батысындағы ел, солтүстігінде және солтүстік-шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, оңтүстігінде Намибиямен және шығысында Замбиямен шектеседі. Оның аумағы 1 246 700 шаршы шақырым. Астанасы – Луанда. Ресми тілі – португал тілі. Жергілікті валюта – кванза. Мемлекет және үкімет басшысы және қарулы күштердің бас қолбасшысы – бес жылдық мерзімге жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайланатын президент, қосымша екі мерзімге қайта сайлану құқығымен.
2005 жылы Ақмола облысының Бұланды ауданындағы еліміздің біртуар ұлы, атақты балуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) мемориалдық ескерткіш ашылды. Биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше ескерткіш Балуан Шолақтың (1864-1919 жж.) өмірі мен сан қырлы дарынынан мол мағлұмат береді. Мемориал Жамбыл облысындағы Қордай жерінен арнайы жеткізілген қызыл граниттен тұрғызылған. Қазақтың біртуар ұлының өмірі туралы баяндама қабырғаға қашалып жазылған. Шолақтың ата-бабалары Жетісу өңірінен Сарыарқа даласына келген болатын, ол жас кезінде бірде-бір күрестен жеңілмей Балуан құрмет атағына ие болды. Бірақ Шолақтың басты қызығушылығының бірі – ән айту мен домбырада күй тарту. Ол Біржан сал мен Ақан серінің шығармаларын керемет орындайтын. Жарық дүниеде бар болғаны 55 жыл ғана өмір сүрген, ол артынан ондаған өлеңдерді қалдырып кетті, соның ішінде халыққа кеңінен таралғаны «Ғалия», «Қыркүйек», «Талды-Көл», «Сарын» және басқалары. Қазақтың танымал жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің дастанын атақты әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа арнаған. Оның есімі Алматыдағы Спорт сарайына берілген.
2007 жылы Қазақстанның үкіметтік емес экологиялық ұйымдары «Қазақстанның биоәралуандылығын сақтау қорын» құрды. Қор Қазақстанның биологиялық әр алуандылығын сақтауға, табиғатты пайдалануды реттеуге бағытталған жобаларды қаржыландыру тетіктерін құруды мақсат еткен.
2008 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры құрылды. Ол Қазақстан экономикасының негізгі субъектісі әрі елдің экономикалық өркендеуі көп жағынан осы қорға байланысты. Осы Қорды құру арқылы мемлекет оның алдына бірнеше негізгі мақсаттарды қойды. Олар: ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету; экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруға ықпал ету; экономикалық дамудың тұрақты болуын қамтамасыз етуге мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік әлеуетін жұмылдыру; өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу.
2011 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып MyPay төлем жүйесін іске қосты. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ банк картасынан мобильдік төлемдер жүргізу сервисі. Ол Қазақстан аумағындағы барлық GSM-операторлардың абоненттеріне қолжетімді. Кез келген банк картасын қосуға болады және төлем банк картасынан төлем алушының шотына өтеді.
2012 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары Шымкентте қазба жұмыстарын жүргізіп, өрнегі бар 2 алтын дискіні тауып алды. Олардың диаметрі шамамен 7 см.
2013 жылы Ирандағы археографиялық экспедиция Тегерандағы Меджлис (парламент) кітапханасынан «Мәджмуә уә джунг» сарай дипломатиялық құжаттар жинағын тапты. Онда сәфәви билеушілерінің қазақ хандарымен жазысқан хаттары сақталған.
2016 жылы Астанада Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілдігінің жаңа ғимараты ашылды. Сол салтанатқа Астана әкімі Әсет Исекешев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов қатысты. Татарстан президенті Қазақстан басшылығына елімізде тұратын татар диаспорасына көрсетіп отырған қолдауы және 2017 жылы Астанада Татарстан күндерін ұйымдастыру мүмкіндігі үшін алғыс айтты.
2018 жылы Ұлттық музейде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен танымал кореялық суретші Ли Чольсудың «Күлімдеген әлем» атты көрмесі ашылды. Ли Чольсудың бүкіл әлемге әйгілі графикалық туындылары қазақстандық өнерсүйер қауымға алғаш рет ұсынылды. Бұл - өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап 2017 жылға дейін салынған 60 графикалық сурет. Суретші Ли Чольсудың көрмелері Базель (Швецария, 2016), Сахалин (2017), Сиэтл (2017) қалаларында өткен. Биыл Венгрия, Испания, Германия, Франция және Бельгия сынды елдерді қамтыған еуропалық турненің бір бөлігі ретінде Қазақстанға келді.
2019 жылы Ақтөбе қаласында Құдайберген Жұбанов атындағы университет ғимаратының жанында Нұрпейіс Байғанин атындағы аллея ашылды.
Нұрпейіс Байғанин (1860-1945) – халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ақтөбе облысының Темір ауданында (қазіргі Байғанин ауданы) туған. Оның есіміне Ақтөбе облысының әкімшілік аудан, ауыл, Ақтөбе қаласындағы көше атауы берілген.
2021 жылы «Астана Опер» театрының жетекші солисі Әлфия Кәрімова «Башқұртстан Республикасының Халық әртісі» құрметті атағына ие болды. Марапатты әншіге Башқұртстан басшысы Радий Хабиров табыс етті.
2021 жылы Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Литвада өткен футзалдан 2021 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына арнайы сыйлық табыс етті. ФИФА Қазақстан құрамасын әділ ойыны (fair play) үшін сыйлықпен марапаттады.
2024 жылы Астанада Қазақстан Республикасы судьяларының 9-шы съезі өтті. Қонақтар арасында мемлекеттік органдардың, академиялық және кәсіби заңгерлік қауымдастықтың өкілдері, Парламент депутаттары, Конституциялық Сот судьялары және халықаралық ұйымдардың өкілдері болды. Съездің ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы әділ сот ісін жүргізу ұлттық тұрақтылықтың негізі екенін, ал сот жүйесі беделді және бейтарап болуы керек екенін атап өтті. Заңдылық пен тәртіп әділ қоғамның негізгі көрсеткіштері болып табылады, бұл барлығының заң алдындағы теңдігін білдіреді. Сот органдары азаматтардың сенімді қорғалуын қамтамасыз етуі керек, ал заң үстемдігін сақтау қоғамдық сенімді нығайтады.
2024 жылы Бакуде көрнекті қазақ жазушысы және қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың әзербайжан тілінде жарық көрген «Ерекше тапсырма» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен басылып шықты. Тұсаукесер X Баку халықаралық кітап көрмесі аясында өтті.
2024 жылы подполковник Алтынбек Жалмұханов пен майор Батыр Тұяқов Конго Демократиялық Республикасында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қосқан үлесі үшін БҰҰ медальдарымен марапатталды. Майор Б.Тұяқов сол елдегі бейбітшілікті сақтау миссиясына қатысқан Қазақстан Қарулы Күштерінің алғашқы өкілі болды. Жыл бойы ол әскери бақылаушы ретінде жоғары білікті маман ретіндегі шеберлігін көрсетті.
2025 жылы Астана уақыты бойынша сағат 17:42-де Оңтүстік-шығыс Қазақстанда жер сілкінісі тіркелді. Сейсмикалық ошақ Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 209 шақырым жерде, Қазақстанда орналасқан.
2025 жылы Михаил Шайдоров Алматыда өткен Денис Тен мемориалының жеңімпазы атанды. Ол қысқа бағдарламада (95.01) және еркін бағдарламада (187.21) жеңіске жетті. Барлығы 282.22 ұпайды еншіледі.