4 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 4 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады

Фото: Kazinform/ Midjourney

Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ, ақын, жазушы, аудармашы, сценист және кино режиссері

Фото: adebiportal.kz

1951 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын бітірді (1954).

1974-1975 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Металлургия және кен байыту институтында инженер болып істеген.

Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. «Жалын» баспасында аға редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болған. 1991 жылдан бері «Жібек жолы» баспа үйінің президенті.

Алғашқы өлеңдері 1975 жылы «Простор» журналында басылған. Бірнеше жинақтың авторы. Абай өлеңдерінің еркін аудармасын жасап, Жамбыл, Кенен дастандарын, «Қыз Жібек» эпосын орыс тіліне аударды.

Шығармалары: «Ночная прохлада», «Отражение», «Чувство мира», «Ветвь», «Молодая гвардия», «Линия судьбы», «Аист над Припятью. Киев», «Молодь», «Кочевая звезда», «Время тишины. Бостон (США)», «Над уровнем жизни», «Художественная литература», «Тікшырқау», «Ландшафты», «Каникулы кочевья», «Плывут облака», «Русская книга», «Новые стихи», «Смуглая луна», «Өлеңдер мен поэмалар» жинағы, «Весы» этюдтер, очерктер, мақалалар, Тоғыз томдық шығармалар жинағы.

1986 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1998), Қазақстан Журналистер одағының С. Сәдуақасов атындағы сыйлығының иегері (1999), «Алтын лираның үміткері» атты Дүниежүзілік ақындар байқауының лауреаты (2003), Тәуелсіз Тарлан сыйлығының лауреаты (2003), Махамбет сыйлығының лауреаты (2003). Көкшетау қаласының Құрметті азаматы (2001). «Парасат» орденімен (2006), Қазақстан, Ресей, Украинаның медальдарымен, «Чернобыль апатына 20 жыл» құрмет белгісімен (Ресей, 2006 жыл) марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (2005) лауреаты.

Әмірхан АСАНОВ, Арқалық қаласының әкімі

Фото: Gov.kz

1969 жылы Қостанай облысында туған. 2000 жылы Қостанай бизнес және басқару институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша, 2012 жылы Академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1988-1989 жылдары Науырзым ауданы «Науырзым» кеңшарының жұмысшысы, 1989-1993 жылдары Науырзым аудандық қаржы бөлімінің штаттар бойынша ревизор-инспекторы, аға экономисі болды. 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті басқармасының Қостанай облысы Науырзым аудандық бөлімшесінің бас бақылаушы-тексерушісі, 1994-1995 жылдары Науырзым ауданы «Мұрагер» МП бас бухгалтері, 1995-2000 жылдары Науырзым ауданы Салық комитетінің салық инспекторы, жеке тұлғаларға салық салу бөлімінің бас маманы, аудит бойынша бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2000-2007 жылдары Науырзым ауданы әкімінің экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары, 2007-2011 жылдары Сарыкөл ауданы әкімінің қаржы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, 2011-2013 жылдары Қостанай облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі, 2013-2018 жылдары Қостанай облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы болып еңбек етті. 2018-2021 жылдары Қостанай облысы Амангелді ауданының әкімі болды.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың мамыр айынан атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

Ғабит МҰҚАНОВ, Астана қаласының прокуроры

Фото: Kazinform

1977 жылы Алматы облысында туған. Қайнар университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген (1998). Мемлекеттік әділет кеңесшісі, 3-сынып.

Еңбек жолы: Алматы облысы Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі (1998); Алматы облысы Кербұлақ және Талғар аудандары прокурорларының орынбасары; Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының орынбасары; Алматы облысы Талғар ауданы және Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры; Астана қаласы прокуратурасы аппаратының басшысы – басқарма бастығы (2013-2017); Астана қаласы прокурорының орынбасары (2017-2019); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кадрлық ресурстарды дамыту департаментінің бастығы (2019-2021); Шымкент қаласының прокуроры (2021-2026).

Қазіргі лауазымын 2026 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді.

Мейіржан ЖҮСІПОВ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы

Фото: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ

1979 жылы туған. Middle East Technical University экономика және басқару (2001); Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің магистратурасын экономикалық дамуды басқару (2007); Гарвард университетін бітірген (2015), мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолы: «Түркуаз» компаниялар тобында маркетинг және ішкі аудит департаменті директорының орынбасары болып еңбек жолын бастаған. 2003-2009 жылдары «Демир Казахстан Банк» АҚ-да жұмыс істеді және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-да әртүрлі лауазымдарды атқарды. 2009-2010 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары лауазымында мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. 2010-2015 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ корпоративтік қаржы және қазынашылық департаментінің экономика және қаржы жөніндегі директоры қызметін атқарды. 2015-2020 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директоры, 2020-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болды. 2021-2023 жылдары «Kazakh invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметінде болды.

2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.

Марат ПӘШІМОВ, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Фото: «Кардиология және ішкі аурулары ҒЗИ» АҚ

1981 жылы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында туған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бітірген (2004); Медицина ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы: Оңтүстік Қазақстан облысы кардиология орталығында медбике (2003-2005); анестезиолог-реаниматолог, реанимация бөлімшесінің меңгерушісі (2006-2008); Телемедицина орталығының меңгерушісі (2008-2009); Бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары (2009-2015); Шымкенттің 3-ші қалалық емханасының бас дәрігері (2015-2017); Түркістан облысы облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері (2017-2020); Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы (2020-2023); «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы (2023-2025).

2025 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

Бейсенбай КЕНЖЕБАЕВ, ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Фото: Wikipedia

1904 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары — Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы; 1961-1987 жылдары — Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры болды.

Қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен хрестоматиялар, «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген. Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.

Тимур МЫҢБАЕВ, дирижер, композитор, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор

Фото: 100philharmonia.spb.ru

1943 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ленинград консерваториясын хор дирижері (профессор Е.П.Кудрявцевтің сыныбы) және композиция (профессор И.Я.Пустылыниктің сыныбы) мамандықтары бойынша бітірген.

Көптеген жылдар бойы Т.Мыңбаев ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері болып қызмет етті. Ол дирижерлік, композиторлық және музыкалық қызметті қатар алып жүрді. Опера мен балет, симфония мен симфониялық күйлер, соната мен квартет, оратория мен вокалды-хор циклдер тақырыбына қалам тартты. Оның шығармаларында композиторлық мектептің өткені мен бүгіні үндестік тапты.

Мыңбаев шығармашылығының бастауы – қазақ халық ауыз әдебиеті. Халық әндері арқылы Мыңбаев шығармашылығы ұлттық бояумен көркемделіп, жаңа леп, заман тынысымен үндесті. Мәскеудің үлкен театры мен Мариин театрында, Петербург қаласында және әлемнің көптеген беделді сахналарында дирижерлік етті.

Оның шығармашылығы «Московская осень», «Белые ночи», «Весна в Лугано», «Хельсинкское лето», «Варшавская осень» секілді беделді фестивальдардағы өнерімен толықты, әр жылдары ВВС (Ұлыбритания), «Дойче граммофон» (Германия), «Арт Электроник» (Ресей, АҚШ), «Аврора» (Норвегия) компанияларымен жұмыс істеді.

Соңғы жылдары Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей Музыкалық академиясының симфониялық және камералық оркестірлердің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет атқарды.