4 күндік жұмыс аптасы: қазақстандықтардың жалақысы қалай есептеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, аптасына 4 күн жұмыс істеуге рұқсат. Оның мән-жайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басшысы Шалқар Оразбек түсіндіріп берді.
— 2015 жылдан бастап қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, 4 күндік жұмыс режиміне рұқсат берілген. Сонымен қатар 2023 жылы Әлеуметтік кодекс аясында 4 күндік жұмыс аптасын 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасымен келтіре отырып енгізу туралы жаңа ереже қабылданды. Жалақы мәселесіне тоқталар болсақ, Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы орындалған жұмыстың көлеміне, санына қарай төленеді. Демек апта ішіндегі жұмыс күні қысқаратын болса, жалақы соған сәйкес есептеледі, — деді Шалқар Оразбек орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, Еңбек кодексіне сәйкес, егер жұмыс беруші 4 күндік жұмыс жағдайында жұмысшыларға 5 немесе 6 күндік жұмыс ережесіне сай жалақы төлеймін десе, оған заң тыйым салмайды.
Еске сала кетсек, елімізде 4 күндік жұмыс аптасына көшу мәселесі бұрыннан айтылып келеді.
Бірер жыл бұрын сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова төрт күндік жұмыс аптасына қатысты пікір білдірген еді.