13:07, 08 Сәуір 2009
4 құрылыс компаниясының басшыларына қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды - Қаржы полициясы
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылдың басынан бері қаржы полициясы 212 үлескерге залал келтірген 4 құрылыс компаниясының басшыларына қатысты 8 қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, келтірілген шығын сомасы 1 млрд. 800 млн. теңгені құрады, оның 256 млн. теңгесінің орны толтырылып, 242 жылжымайтын мүлік нысанына тиым салынды. 6 құрылыс компаниясының 9 басшысы сотталды.
Мәселен, 4 тұрғын үй кешенінің құрылысы бойынша 220 үлескердің 1 млрд. 800 млн. теңгесін жымқырған «Верный kz» ЖШС директоры Әбішева мен оның орынбасары Есенова 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы серіктестіктің бухгалтері Муружева 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, ал серіктестік құрылтайшысы Ақбиевке іздеу жарияланды. Залалдың орнын толтыру мақсатында олардың 12 млрд. теңге мүлкіне тыйым салынды. Астана қаласында «Европалық», «Эгалитэ», «Өрнек» тұрғын үй кешендерінің 588 үлескерінің 4,5 млрд. теңгесін жымқырған «Бразерс компани» ЖШС басшыларының ісі сотқа тапсырылды. Үлескерлерге келтірілген залалдың орнын толтыру мақсатында серіктестіктің 5 млрд. теңгені құраған есепшоттарына, мүлкіне, айыпталушылардың жеке мүлкіне тыйым салынды. ЖШС директоры қамауға алынды, ал оның орынбасары үй қамағында.