Шараға армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық әскери мектебінің ұландары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері қатыспақ.
Іс-шараның мақсаты - елін, жерін жаудан жан аямай қорғаған аға буын өкілдерінің ерліктерін үлгі ете отырып, жастарды отан сүйгіштікке баулу, үлкенді сыйлауға, бабалар тілегі болған, қаншама құрбандықпен қол жеткен тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білуге тәрбиелеу, Қазақстанның келешегі үшін аянбай еңбек етуге шақыру.
Іс-шара барысында патриоттық рухтағы әскери әндер орындалып, сұрапыл соғыс заманын көзімен көрген куәгерлер тарихтың маңызды естеліктерін баяндайды.
Сонымен қатар, аталмыш шара аясында «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» атты көрме ұйымдастырылмақ. Көрме жұмысы барысында келушілердің назарына «Ұлы Отан соғысының басталуы», «Брест қамалы», «Москва түбіндегі шайқас», «Сталинград түбіндегі шайқас», «Ленинград қоршауы», «Шығыстың қос шынары», «Рейхстагқа ту тігу», «Жеңіс шеруі» сынды тақырыптағы 15 планшет, мұражай қорынан алынған Ұлы Отан соғысында пайдаланылған қару-жарақтар, жеңіске жету жолындағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтың, өзге де Ұлы Отан соғысы батырларының жеке заттары, әскери киімдері, сонымен қатар соғыста пайдаланылған басқа да жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылмақ.
Шара шеңберінде Ұлы Отан соғысының тарихы жайлы мағлұмат беретін «Ұмытылмас ұлы ерлік» атты кітап көрмесін де ұйымдастыру жоспарланған.