Бұл осымен 8-ші рет өткізілгелі отырған шара. Осыған орай бүгін Білім және ғылым министрлігінің өкілдері журналистермен баспасөз-мәслихатын ұйымдастырып, маңызды науқанның барысы жөнінде пікір алмасты.
Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиевтың айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы өткізілген 7 жылдық тәжірибе - осы шараның алдыға қойған міндеттерді талапқа сай жүзеге асырып отырғандығын көрсетті. «Атап айтқанда, оқушылардың білімдерін сырттай, объективті түрде тәуелсіз бағалау мақсаты орындалды. Жоғары білімге, әсіресе мемлекет есебінен жоғары білімге қол жеткізуге деген әлеуметтік әділеттілік салтанат құрды. Сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеу ауыл балаларының жоғары оқу орнына өздерінің ауылдарында отырып-ақ түсулеріне мүмкіндік тудырды. Осы шара арқылы біз ауыл балалары өсіп жатқан отбасылардың кірістерін шамамен алғанда жылына жарты миллиард теңгеге үнемдеп отырмыз.Бұрындары балаларға қандай да бір университетке түсу қажет болса, олар жол кіресі мен тұратын орындарына қаржы шығындай отырып, міндетті түрде сол жоғары оқу орнына келулері керек болатын. Ал қазір ҰБТ-ның енгізілуіне орай осы міндеттердің барлығы мемлекет өз мойнына алды»,-деді министрдің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, ҰБТ қолданылған 7 жыл ішінде оған 1 милион мектеп түлектері қатысты. Ал биылғы жылы ҰБТ 154 тіректерде жүзеге асырылады. Олардың 105-і - ауылдық аймақтарда, 49-ы университеттерде ұйымдастырылған.