4 наурыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 4 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: ҚазАқпарат

Дүниежүзілік инженерия күні

ЮНЕСКО көлеміндегі атаулы күн бүкіл әлемге инженерлерді таныту және тұрақты даму үшін инженерия мен технологияның маңызды екенін көрсету мақсатында бекітілген. Атаулы күннің негізгі мақсаты – әлемдегі инженерлердің жетістігін көрсету, қазіргі өмір мен тұрақты дамудағы инженерия мен технологияның негізгі рөлі туралы жұртшылықты хабардар ету және инженерияны әлемді жақсартуға мүмкіндік беретін мансап ретінде таныту.

Дүниежүзілік семіздікпен күрес күні

Дүниежүзілік семіздікпен күрес федерациясының бастамасымен 2020 жылдың 4 наурызынан бері атап өтіледі (бұрын 11 қазанда тойланатын).

Дүниежүзілік семіздікке қарсы күрес күнінің басты мақсаты – әлем халқын семіздік себебі мен оның денсаулыққа зияны туралы хабардар ету және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен және ҚР Үкіметі қаулысымен Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі базасында «Қазақойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясы құрылды. Мұнай-газ кешенін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында 2002 жылғы 20 ақпанда «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясы мен «Мұнай және газ көлігі» Ұлттық компаниясы қосылып, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы құрылды.

1999 жылы Алматы көшелерінің біріне Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі беріліп, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2000 жылы Қостанайда Киров атындағы көшеге қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтің есімі берілді.

2010 жылы Қазақстанда Корея мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталық жаңа заманғы сандық және IT технологиялардың соңғы үлгілерімен жабдықталған. Сонымен қатар онда кітапхана, көрме және концерттік залдар, демалыс бөлмелері, танымал корейлік ақпараттық-технологиялық жүйелерін шығарушы электрондық компаниялардың өнімдерімен танысуға мүмкіндік беретін аудиториялар бар.

2014 жылы ҚР Ұлттық банкінің «Қазақстанның игілігі» сериясынан «Байқоңыр» күміс монетасы 2012 жылғы соғылған үздік монета ретінде Виченца (Италия) қаласында өткен «Vicenza Numismatica-2014» монета өнімдері халықаралық байқауының нәтижесі бойынша екінші жүлдені иеленді. Бұл монетада ғарыш пен «Байқоңыр» ғарыш айлағын зерттеудегі маңызды жетістіктер бейнеленген.

2015 жылы «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде «Алматы - ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасының аясында «ТҮРІКСОЙ» кафедрасының ашылу рәсімі өтті. Шара ҚХА құрылғанына 20 жыл толуына орайластырылды.

2016 жылы Атырауда ақын Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш қойылды. Қоладан құйылған 4,2 метрлік мүсін қала орталығына орнатылды. Мүсінші - Мұрат Мансұров. Композиция сәулетшісі - Серік Рустамбеков.

2016 жылы ҚР Ұлттық банкі айналымға таға тәріздес күрделі пішінде жасалған «Сиқырлы нышандар» монеталар сериясынан «proof» сапалы күмістен номиналы 100 теңгелік «Таға» ескерткіш күміс монетасын шығарды. 925 сынамалы күмістен дайындалған монетаның таралымы 6 мың дана.

2019 жылы Алтай республикасының астанасы Таулы Алтай қаласында Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды. Мақсаты - Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті, оның салт-дәстүрлері, экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы жетістіктері, классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның әдеби байлығы туралы білімді тарату. Әлемнің 29 кітапханасында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтары жұмыс істейді.

2019 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының ұлттық триатлон федерациялары бірлесіп ОрталықАзиялық триатлон қауымдастығын (Central Asian Triathlon Association - CATA) құрды. САТА басшысы ретінде Almaty Triathlon Federation басшысы әрі ҚТФ вице-президенті Ғалымжан Есенов сайланды. САТА-ның басты мақсаты – Орталық Азия елдерінің территориясында триатлонды дамыту және насихаттау, Азиялық Триатлон конфедерациясында (ASTC) бірауыздан ортақ бағдарды ұстану. Бұл өз кезегінде Орталық Азия спортшыларына ғана емес, бапкерлер мен техникалық делегаттарға да ешбір бөгетсіз тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті Еуразиялық экономикалық одақтағы ЕАЭО елдерінің бірыңғай нарығы аумағында оны кейіннен сату үшін дәрілік затқа алғашқы рет тіркеу куәлігін берді. ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова тіркеу куәлігін табыстай отырып, Қазақстанның ЕАЭО мүшелері үшін дәрілер сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігіне қойылатын барлық халықаралық стандарттардың, сондай-ақ тиісті фармацевтикалық практикалар талаптарының қадағалануын қамтамасыз еткен бірінші ел болғанын атап өтті.

2020 жылы Литваның ұлттық қауымдар үйінде философ және ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық ашылды. Литваның Ұлттық қауымдар үйіндегі «Нұрсәуле» қазақтар қоғамы алаңында ашылған әл-Фараби атындағы орталыққа келушілер ұлы ғалымның еңбектерімен танысып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін де жақынырақ біле алады. Орталықтың қызметі, ең алдымен, Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени және ғылыми диалогты дамытуға бағытталатын болады.

2022 жылы Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында елдегі ең қуатты турбиналары бар жел электр станциясы ашылды. Ротордың диаметрі – 158 метр, ось биіктігі – 101 метр, қуаты - 4,8 МВт. Жел турбогенераторлары жыл сайын 200 ГВт/сағ дейін электр энергиясын өндіреді, бұл шамамен 37000 үй тұтынатын энергияға және жылына 173000 тонна көмірқышқыл газы қалдығын болдырмауға тең.

2022 жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-ші механикаландырылған бригадасында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіші ашылды. Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бригаданың жеке құрамына аты аңызға айналған қолбасшының атын лайықты алып жүруді тілеп, құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. «Оның мұрасы әрбір әскери қызметкердің үстелінде болуы керек», деп жазды министр кітапта.

2023 жылы қазақстандық теннисші Анна Данилина Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында өткен ITF World Tennis Tour «BeeTV 40 Women's» жұптық турнирінде жұптық сайыста жеңімпаз атанды.

Байқаудың бірінші және екінші орын алған дуэттері финалда кездесті. Әсерлі кездесуде қазақстандық Анна Данилина мен Ирина Шиманович (Беларусь) оңтүстіккореялық На Ле Хан/Су Джон Чанды үш сетте 6:4, 6:7 (8:10), 10:7 есебімен ұтты.