4 облыстағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады – вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM – 4 облыстағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жалғасуда. Қазіргі уақытта Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады. Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр. Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылатын болады», - деді Бауыржан Сыздықов.

Оның атап өтуінше, тәулік бойы қалыптасқан жағдай туралы азаматтарды хабардар ету және ақпараттандыру жүзеге асырылады. Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді.

«Өз кезегінде, әкімдіктер алгоритм бойынша іс-шараларды орындау қажет. Су тасқыны мен оның салдарын жою министрдің үйлестіруімен жалғасуда. Күштер мен құралдар авариялық-құтқару жұмыстарын үздіксіз жүргізуде, жедел ден қоюға және міндеттерді орындауға дайын», - деді вице-министр.