4 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2023 жылғы 4 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Веб-мастерлер күні

Веб-шеберлер күнін атап өту үшін осы датаның таңдалуы тегін емес. Нақтылап қараса, 4.04 цифрлары 404 санын (интернет-парақша табылмады деген жазу) еске түсіреді.

Веб-мастер немесе сайттың «басқарушысы» веб-сайт және интернеттегі корпоративтік қосымшаны жасаумен айналысады.

Халықаралық миналарға қарсы әрекет ету және көмек көрсету күні

Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 2005 жылы желтоқсанда ресми түрде жариялады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун өз жолдауында миналар мен соғыс қалдықтарының адам өміріне қауіп төндіретінін және дамуға кедергі келтіретінін айтты. Ол миналардан тазарту және бейбіт өмірге қауіп төндіретін білім беруді белсенді қолдауға, сондай-ақ әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік жолында миналарды жоюға күш біріктіруге шақырды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) алқасының үкімімен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қырыққа жуық адам әртүрлі мерзімдерге қамуға, жер аударылуға кесілді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мырзағали Есболов, Хәлел Ғаббасов, Дінмұхамед Әділов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов, Әбдірахман Байділдин, Асқар Дулатов, Теміржан Есмағамбетов, т.б. (барлығы 20 адам) бастапқыда ату жазасына кесілді. Ол үкім кейін он жыл мерзімге лагерьде жазасын өтеуге ауыстырылды.

1933 жылы БКП (б) Аймақтық комитетінің кейбір құрылымдардағы іс-қағаздарды жүргізу барысын толықтай қазақ тіліне көшіруді қарастырған қаулысы жарық көрді. Олардың қатарына Қазақ Республикасының Орталық атқару комитеті, Денсаулық сақтау жөніндегі халық комиссариаты, Ағарту халық комиссариаты, Әділет халық комиссариаты (Жоғарғы сот пен прокуратура) және Жұмысшы-шаруа милициясы кірді.

1992 жылы Алматыда ТМД елдерінің мемлекеттік қауіпсіздік және барлау органдарының арасындағы ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге қол қойылды.

1994 жылы «Қазақстан телеарнасы және радиосы» республикалық корпорациясы құрылды.

1994 жылы Корей Халық Демократиялық Республикасында «Сәуір көктемі» атты халықаралық фестиваль өтті. Онда «Отырар сазы» ансамблі (жетекшісі – Нұрғиса Тілендиев) 1-орын алды.

1996 жылы алғашқы Балқаш алтын құймасы алынды.

2006 жылы Мәскеудегі Чистопрудный бульварында Абай ескерткіші ашылды. Абай ескерткіші – Қазақстан халқының Мәскеу қаласына жасаған сыйлығы, жалпы құны – 160 млн 800 мың теңге. Ескерткіш жобасын қазақстандық мүсінші М. Әйнеков пен дизайнер Т. Сүлейменов басшылық жасаған авторлық топ жасаған.

2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Манкент ауылында поляк әскерлері жерленген молада ескерткіш мемориалы ашылды. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Польшаның Азап шегу және тарихи жадыны сақтау кеңесінің бас хатшысы Анджей Кунеров пен Польшаның Қазақстандағы елшісі Яцек Ключковски бастаған Польша делегациясы қатысты.

2014 жылы Халықаралық студенттер спорты федерациясының сарапшылары (фр. Federation Internationale du Sport Universitaire, қысқаша FISU) «Сұңқар» қазақстандық трамплиндер кешенін әлемдегі үздік бес спорттық нысанның бірі деп таныды.

2018 жылы Қазнетте домендік аттарды бөлу және қолдану, оларды тіркеу ережелері бекітілді.

2019 жылы Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Селимжан Чалышкан Гарвардта білім алу грантына ие болды.

2021 жылы К. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрының актері Руслан Маевский «Театр в фотообъективе» (THEATRE EXPOSED) Халықаралық театр фотосуреті байқауының жүлдегері атанды. «Әуесқой» санатындағы жұмыстар «еркін фото» және «Ретрофото» номинациялары бойынша 1-орын алды, сондай-ақ Р. Маевский «Портрет» номинациясында «күміске» ие болды.

2022 жылы Непалдың Похара қаласында триатлоннан Азия кубогі мен Оңтүстік Азия чемпионаты өтті. Жарысқа Австрия, Бангладеш, Үндістан, Қазақстан, Польша және Жапониядан 63 спортшы қатысты. Қазақстан туын Екатерина Шабалина қорғап, ол басты қарсыластары – жапон әйелдерінен асып түсті. Жарыс соңында ол 01:02:20 уақытпен мәреге жетіп, 1-орынды жеңіп алды.