4 тапаншаның ұрлануына байланысты Жезқазған қалалық ІІБ бастығы мен оның 2 орынбасары қызметінен босатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 тапаншаның ұрлануына байланысты Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасының бастығы мен оның 2 орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров мәлім етті.

«Бүгін тәртіптік кеңес өтті. Кеңес қорытындысы бойынша Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен 3 қызметкер ішкі істер органдарынан босатылды. 5 қызметкер, оның ішінде Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасының бастығы мен 2 орынбасары атқарып отырған қызметінен босатылды және тәртіптік жазаға тартылды», - деді Б.Құдияров.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Жезқазған қаласы ІІБ-нің қару сақтауға арналған сейфінде 9 мм калибрлі 4 жауынгерлік тапаншаның жетпейтіні анықталды. Тергеу барысында ІІБ-ның лицензиялық-рұқсат ету жүйесінің инспекторы қаланың мемлекеттік күзет қызметі басқармасының инспекторымен бірлесіп, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қауіпсіздік департаментінің Қарағанды облысы ІІД-ге жою үшін тапсырылған 113 әртүрлі жауынгерлік қарудың төртеуін ұрлаған.