4 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 4 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

4 желтоқсан БЕЙСЕНБІ

Үнді әскери-теңіз флотының күні. 1971 жылғы үнді-пәкістан соғысы кезінде әскери-теңіз флоты Карачи портының (Пәкістан порты) аумағында бомбалауда маңызды рөл атқарған күні атап өтіледі.

Информатика күні. 1948 жылғы желтоқсанның 4-де КСРО-ның Министрлер одағының Мемлекеттік комитеті И.С.Брук және Б.И.Рамеев ойлап тапқан сандық электронды есептеуіш машинасын халық шаруашылығына енгізіп, 10475 рет санымен тіркеді. Бұл Ресей Федерациясының есептеуіш техникасының дамуына қатысты алғашқы ресми түрде тіркелген құжат. Бұл күн Ресей информатикасының туған күні деп айтылуға толық құқығы бар.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

9 5 жыл бұрын (1919) Семей губерниясы партия комитеті «Қазақ тілі» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Содан кейін аптасына 3 рет шығатын болды. Еңбекшілерді революцияны қорғауға шақырды. 1923 жылы «Еңбекші жас» атты айдарын комсомол жастарына арнап шығарды. «Қазақ тілі» редакциясында Ж.Аймауытов, Ш.Тоқжігітов, С.Дөнентаев, М.Тұрғанбаев, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов жұмыс жасады. 1928 жылдан бастап «Жаңа ауыл» атымен округтік газет ретінде шыға бастады, 1930 жылдан бастап - Аягөз аудандық газеті.

22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Көп балалы отбасыларын әлеуметтік жағынан қолдау жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы жарияланды.

19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанынан Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі ашылды.

19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігі ашылды.

18 жыл бұрын (1996) Ақмола аграрлық университетіне қоғам қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді.

16 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазтеңізкөлікфлот» ұлттық теңіз кеме компаниясы» АҚ құрылды. 16 жыл бұрын (1998) Алматыда білім беру саласы қызметкерлерінің 1-ші құрылтайы өтті.

9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2005 жылдың желтоқсанының 4-і күні, түнгі сағат 3.00-де Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың, халықаралық бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесін іске қосты.

2004 жылы іске қосылған «Сайлау» автоматтандырылған ақпарат жүйесі сайлауды ұйымдастыру мен оны өткізу шараларын автоматтандыру жөніндегі міндетті жүзеге асыруға көмектесті. Онда технологиялық циклдан «адами факторлардың» әсері барынша жойылып, сайлау барынша ашық болды. Автоматтандырылған ақпарат жүйесін енгізу, Мемлекет басшысының 2003 жылдың 4 сәуірдегі Жолдауында көрсетілген сайлаушылардың тізімін жасау, дауыс беру, дауыс берудің қорытындылары мен сайлау қорытындыларын шығару жүйесін енгізу туралы міндеттері негізінде жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының 2004 жылдың 4 сәуіріндегі Конституциялық заңымен сайлауды электронды сайлау жүйесімен өткізу жұмыстарын регламенттейтін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына толықтырулар енгізілді.

Қазақстан Республикасында 2005 жылы өткен Президент сайлауында электронды дауыс беру 1 мың 447 сайлау учаскесінде қолданыла бастады. Бұл елдегі барлық сайлау учаскелерінің 15 пайызы. Осылайша 2005 жылы желтоқсанның 4-де өткен Президент сайлауында электронды дауыс беру жүйесін еліміздегі салаушылардың 31 пайызы пайдалануға мүмкіндік алды. Алайда осы сайлауда сайлаушыларға дауысты электронды жолмен де қағазбен де беруге мүмкіндік жасалды.

9 жыл бұрын (2005) Қазақсатан Республикасы Президентінің сайлауы өтті. Оған 5 кандидат қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев 91,15% дауыс жинап, 7 жылдық мерзімге қайта сайланды. Сайлауға 77 % сайлаушылар келді. Сайлау электронды дауыс беру және дәстүрлі бюллетеньдер көмегімен өтті.

9 жыл бұрын (2005) Алматыда отандық сауда желісінің супермаркеті «Халық дүкені» ашылды.

Супермаркет отандық тауарларды саудалайды және ол табысы орта деңгейлі тұрғындарға бағытталған. Сауда мекемесінің көлемі 1,5 мың шаршы метр. Ол күніне 5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.

8 жыл бұрын (2006) Колумбия университетінде режиссер Сұлтан Қожықовтың атақты «Қыз Жібек» фильмі көрсетілді. Бұл шара Гарриман институтының студенттері мен оқытушыларының бастамашыл тобы, университеттің техникалық персоналы мен БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында мүмкін болды. Көрсетілімге көп қауым жиналды, олардың арасында Қазақстанға үлкен қызығушылық білдіретін АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдері, студенттер, оқытушылар болды.

7 жыл бұрын (2007) Ақордада Эстонияның Қазақстандағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті елшісі Марина Кальюранд ханым және Кувейт мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілеті елшісі Әзиз Рахим әл-Дехани ҚР Мемлекеттік хатшысына сенім грамоталарын тапсырды.

6 жыл бұрын (2008) Астанада «Қазақстан» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оның авторы - Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания елшісі Пол Браммелл. Ұлыбритания елшісінің айтуынша, ол өз кітабында Қазақстанның тарихын, назар аударатын жерлерін, табиғатын және де елге келетін шетел туристеріне пайдалы ақпарат берілуіне баса назар аударған. Кітаптың таныстырылымына республиканың орталық мемлекеттік органдарының өкілдері, елшілік, коммерциялық ұйымдар қатысты.

5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Кеден одағы Комиссиясының Хатшылығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Елбасы сонымен қатар қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

5 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 22-ші жалпы мәжілісі болып өтті.

Оның жұмысына еліміздің мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының басшылары, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың басшылары қатысты.

Мәжілісте «Қазақстанның әртараптану және технологиялық даму саясатына шетелдік инвесторлардың қатысуы» тақырыбы қарастырылды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі Елбасының 1998 жылдың 30 маусымындағы № 3985 Жарлығымен Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан инвесторлармен тікелей қарым-қатынасты орнату, және де инвестициялаудағы әріптестіктерде туындайтын мәселелерді жедел қарастыру мақсатында құрылған.

2 жыл бұрын (2012) музыкант және композитор Марат Садықовты еске түсіруге арналған кеш өтті. Онда композитордың «Туған жер», «Лебяжі вальсі», «Ана» сияқты халыққа кең тараған әндері орындалды.

2 жыл бұрын (2012) Қазақстан мен Венгрия арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға сіңірген еңбегі үшін Венгрия президентінің Жарлығымен осы елде миссиясын аяқтаған ҚР Төтенше және Өкілетті елші Рашид Ыбыраев жоғары награда - «Командор кресі мен жұлдызы» орденімен марапатталды.

2 жыл бұрын (2012) Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты 50 жылдық мерейтойын атап өтті.

2 жыл бұрын (2012) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада жаңа электровоз жасау зауыты ашылды.

2 жыл бұрын (2012) «Пекин-Палас» бизнес орталығында Қазақстандағы ABG GmbH неміс компаниясының тұрақты өкілдігінің таныстырылымы өтті.

2 жыл бұрын (20102) «AWARD.kz» 10-шы мерекелік сыйлығының «Билік органдары және өзін өзі басқару» аталымында www.egov.kz электронды үкімет порталы 1-орынға ие болып, 2012 жылғы екі тілді қазақстандық интернет-ресурсы арасындағы ең үздік деп танылды.

2 жыл бұрын (2012) «Қазмедиа орталығы» астаналық телерадио кешенінің ғимаратында сағат 18.30-да «Еуразия» Бірінші арнасы жаңа студиясынан алғашқы ақпараттық хабарын эфирге таратты.

2 жыл бұрын (2012) Алматыда ҚР Ұлттық банкін «Жылдың үздік банкноты-2011» аталымында марапаттау салтанаты өтті. Бұл марапатты осы жылғы сәуірде Халықаралық банкнот қоғамдастығы 2011 жылдың үздік банкноты үшін берген болатын.

2 жыл бұрын (2012) Астанадағы «Алау» мұз сарайы ТОП-10 үздік мұз айдындардың қатарына енді.

1 жыл бұрын (2013) ҚР Ұлттық банкі «Шығыс күнтізбесі» сериясында 500 теңге номиналымен «proof» сапалы «Жылқы жылы» алтын және күміс естелік монеталарын айналымға шығарғанын айтты.

41 жыл бұрын (1973) адам баласы жасаған құрылғы алғаш рет Күн жүйесінің ең алып ғаламшары Юпитерге тақау тұсқа жетіп, Жерге оның 80 суретін жіберді. Ол құрылғы - американдық ғалымдардың ақыл-ойынан жасалған «Пионер-10» атты ғаламшараралық станса болатын.

ЕСІМДЕР

10 9 жыл бұрын (1905-1987) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-і еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ПАК Давид Николаевич дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.

1938-1942 жылдары - Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мал өсіру бөлімінің меңгерушісі. 1947-1948 жылдары - Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының қазақ филиалы мал шаруашылығы секциясының жетекшісі. 1954-1977 жылдары - Қазақ мал шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институты бөлімінің меңгерушісі. 1978-1987 жылдары Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институты профессор-консультанты қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері мал селекциясы мен мал өсіру мәселелеріне арналған. Ол - сиырдың «Алатау» тұқымын шығарушылардың бірі.

«Породообразование и эволюция крупного рогатого скота», «Алатауская порода крупного рогатого скота» атты еңбектері жарық көрген. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

7 6 жыл бұрын (1938) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ХАРИН Станислав Николаевич дүниеге келді.

Алматы облысының Қарасай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1980-1994 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институты директорының орынбасары болған. 1994-1997 жылдары Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы физика-математика бөлімшесінің академик хатшысы қызметін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері математикалық физиканың теңдеулеріне, плазматрон мен электрлік түйіспелердегі құбылыстарды математикалық модельдеу құбылыстарына арналған. 200-ге жуық ғылыми еңбектің, 3 монографияның авторы.

6 4 жыл бұрын (1950) техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Индустриялық құрылыс технологиясы қауымдастығының төрағасы, «Стромпроект» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесшісі НҰРБАТЫРОВ Қанапия Ақпанұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Целиноград инженерлік құрылыс институтын (С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген.

1972-1978 жылдары - Целиноград инженерлік құрылыс институтының оқытушысы, Степногор құрылыс басқармасының прорабы, техника қауіпсіздігі жөніндегі аға инженері. 1978-2003 жылдары «Стромпроект» ғылыми-зерттеу институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, ғылым жөніндегі директордың орынбасары, директоры, бас директоры қызметтерін атқарған.

Жоғары аттестациялау комиссиясы эксперттік кеңесінің, докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы.

200 астам ғылыми еңбектері бар, 10 астам ғылым докторлары мен кандидаттарды дайындаған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.

5 8 жыл бұрын (1956) ОҚО Мақтарал ауданының әкімі ТҰРБЕКОВ Серік Ордабекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген, ғалым-агроном.

1980-1982 жылдары - «Қаракөл» ғылыми-өендірістік бірлестігінде зертханашы. 1982-1985 жылдары - К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының аспиранты. 1985-1988 жылдары - «Красноводопад» мемлекеттік селекциялық стансасының аға ғылыми қызметкері. 1988-1997 жылдары - «Шымкент» ғылыми-өндірістік бірлестігінің аға ғылыми қызметкері, директоры. 1997-1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 1999-2003 жылдары - ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы агроөнеркәсіп кешенінің ОҚО бойынша аумақтық инспекциясының бастығы. 2007-2008 жылдары - «Оңтүстік» ӘКК ҰК АҚ басқарушы директоры. 2008-2010 жылдары - «Оңтүстік» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы тамыздан бері.

«ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған, Сайрам ауданының құрметті азаматы.

5 2 жыл бұрын (1962) ҚР-ның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі ИСАБАЕВ Бейбіт Өксікбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

1985-1987 жылдары - Қазақ КСР Телевизиия және радиохабары мемлекеттік комитетінде редактор. 1987-1991 жылдары - «Лениншіл жас» республикалық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі. 1991-1994 жылдары - «Өркен»- «Горизонт» гаеті редакторының орынбасары, редакторы. 1994 жылғы ақпан-сәуір айларында - Қазақ мемлекеттік телевизиясының бас директоры. 1994 жылғы мамыр-шілде айларында - Алматы қаласы әкімшілігінде әкімнің орынбасары. 1994-1995 жылдары - Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат комитетінің төрағасы. 1997-1999 жылдары - ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы. 2000 жылы - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі. 2002 жылы - ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 2002-2003 жылдары - ҚР-ның Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының ұлттық үйлестірушісі. 2003-2006 жылдары - ҚР-ның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2006-2008 жылдары - ҚР-ның Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы. 2008 жылғы ақпан-тамыз айларында - ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008-2009 жылдары - ҚР Президентінің баспасөз хатшысы. Қазіргі қызметінде - 2009 жылғы шілдеден бері.

«Құрмет» (2007) орденімен; «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарымен; ҚР Құрмет грамотасымен (2001) марапатталған. .

50 жыл бұрын (1964) ҚР Парламенті Мәжілісі аппараты жетекшісінің орынбасары БИСЕМБАЕВА Бағила Мүбаракқызы дүниеге келді.

Целиноград облысында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясының Нарық институтын бітірген.

1991-1996 жылдары - Көкшетау педагогикалық институтында саясаттану және экономикалық теория кафедрасының оқытушысы. 1996-1998 жылдары - Нарықтық экономика жөніндегі халықаралық орталығының бағдарламалар бойынша менеджері. 1998-2001 жылдары - ҚР Парламенті Сенатының экономика, қаржы және бюджет комитеті хатшылығының сектор меңгерушісі. 2001-2004 жылдары - ҚР Үкіметінің Парламенттегі өкілдігі жетекшісінің орынбасары. 2004-2007 жылдары - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті төрағасының орынбасары. 2007-2012 жылдары - ҚР Парламенті Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі. 2012 жылғы қазаннан - қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, мерекелік медальдармен марапатталған.

3 9 жыл бұрын (1975) «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары АХМЕТЖАНОВА Алмагүл Ауғалиқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық университетін бітірген, әлеуметтанушы. Еңбек жолын 1999 жылы «Хабар» агенттігінде бастады. 2004-2011 жылдары - бағдарламалар дирекциясын басқарды. 2011 жылдан қазіргі қызметінде.

13 3 жыл бұрын (1882-1942) кеңестік ғалым, ғылыми-көпшілік әдеби жанрының негізін салушылардың бірі Яков ПЕРЕЛЬМАН дүниеге келді.