4 желтоқсанда ел бойынша қай жолдарда шектеу бар

Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады. 

Компанияның мәліметінше, Ақмола облысында 2025 жылғы 3 желтоқсан күні кешкі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (температураның төмендеуі, көктайғақ, боранды қар) республикалық маңызы бар бірнеше жолда жылдамдық режиміне өзгеріс енгізілді:

• KAZ 01 «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 30-92-шақырым (Жібек Жолы ауылы — Анар станциясы) учаскесінде барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 110 шақ/сағ-тан 80 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.
• KAZ 02 «Астана — Көкшетау (қала маңы айналып өтуімен) — Петропавл — РФ шекарасы (Жаңа Жол бекеті)» автожолының 19-144-шақырым (Астана қ. — Алакөл а.) учаскесінде барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 110 шақ/сағ-тан 80 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.
• «KAZ02 Астана — Көкшетау (айналма жолымен) — Петропавл — РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 144-231-шақырымында (Алакөл ауылы — Щучинск қ.) барлық көлік түрлері үшін жылдамдық режимі 80 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін өзгертіледі.

Қарағанды облысында 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 09:00–ден бастап:

«KAZ01 Астана — Қарағанды — Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесінде 92-164-шақырым арасында (Анар станциясынан Теміртау қаласына дейін) көліктің барлық түрі үшін жылдамдық 140 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.

Сондай-ақ үш өңірде бұған дейін енгізілген шектеулер әлі де күшінде.

Павлодар облысы

«Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді.

Солтүстік Қазақстан облысы

«Тимирязево — Сарыкөл — облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы — Тимирязево ауылы) көліктің барлық түрі үшін шектеу бар.

Шығыс Қазақстан облысы

Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай –Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.

Ауа райы

2025 жылғы 4 желтоқсанда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Абай, Жетісу, Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстарының кей жерінде қар аралас жаңбыр мен қар жауады.

— Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, — делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 4 желтоқсанда Астана мен 14 өңірде ауа райы бұзылатынын ескерткен еді.