Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1970-шi жылдардағы еңбек жолы, саясатқа ендi ғана қадам басқан сәтi суреттелетiн тартысқа толы фильмнiң режиссерi Рүстем Әбдiрашев.
"Тарихты өзегi мықты жандар қалайтыны рас. Қазақстан Президентi, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы еңбек жолы барлық қазақстандықтарға үлгi бола алады", - дейдi ҚР Мәдениет және спорт вице-министрi Ғалым Ахмедьяров Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 1 желтоқсанда аталмыш киножоба ҚР Президентiне көрсетiлмек.
"Бүгiн 16:00-де "Қазақстан" Орталық концерт залында бiз фильмнiң премьерасын Елбасыға ұсынамыз. 4 желтоқсанда Қазақстанның 25 қаласында 50 кинотеатрда фильм көпшiлiкке тарту етiледi. 2011 жылдан берi "Елбасы жолы" киноэпопеясы түсiрiлiп келе жатыр. Бұл жоба тек бiздiң елде ғана емес, әлемнiң 20-дан астам елдерiнде өткен Қазақстан мәдениетi мен киносы күндерiнде де үлкен қолдауға ие болды", - деп атап өттi вице-министр.
Еске сала кетейiк, бұның алдында киноэпопеяға "Балалық шағымның аспаны" (2011), "Отты өзен" және "Темiр тау" (2013) енген болатын.
"Тығырықтан жол тапқан" фильмi 2014 жылы ақпан айында басталды. Киноға қазақстандық актерлермен бiрге Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков сынды ресейлiк актерлер ендi. Елбасының бейнесiн қазақстандық актер Нұрлан Әлiмжанов сомдады.