4 жыл ішінде Өзбекстанда «Таза ауа» жалпыұлттық жобасы іске асырылады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда 2026-2030 жылдар аралығында «Таза ауа» жалпыұлттық жобасы іске асады. Тиісті жарлыққа ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Құжатқа сәйкес, ауаны ластайтын зиянды шығарындылардың көлемін 10,5%-ға қысқарту көзделген. Сонымен бірге қоршаған ортаға әсер ету деңгейі І және ІІ санатқа енетін кәсіпорындар сүзгі қондырғыларын орнатуы тиіс.

Жарлыққа сай, көліктерден ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін 10%-ға азайту жоспарланып отыр. «Таза ауа» кезең-кезеңмен іске асады. Әуелі аталған тәжірибені Ферғана өңіріне, кейін республиканың өзге де облыстарына енгізу қарастырылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл сәуірде елордада өтетін Өңірлік экологиялық саммитінде Орталық Азия елдерінің басшылары Астана декларациясына қол қояды.

Қоса кетсек, алдағы уақытта Өзбекстан жасанды жолмен жаңбыр жаудыру технологиясын енгізуді көздеп отыр.

Мұнымен бірге Өзбекстан 2028 жылға дейін алқаптардың 80%-ына су үнемдеу технологияларын енгізбек.

Таяуда Kazinform агенттігіне Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім еткендей, қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзеніне суды есепке алатын құрылғыларды орнатып жатыр.