Бас прокурор ұсынған статистикалық мəліметтерге сəйкес, өткен 4 жыл ішінде 322 адамды жəне 2,3 мың малды пойыз қағып кетті. Оқиға салдарынан 187 адам қаза тауып, 135-і əртүрлі дəрежеде жарақат алған. 249 оқыс оқиға кезінде адамдар қауіптілігі жоғары аймақта болу қағидаларын сақтамаған. 31 адам суицид жасаса, 30-і ішімдікке мас күйде болған. Ал 13 оқиғаға өзге себептер түрткі.
«Басып кету жағдайларының негізгі себептері - адамдардың теміржол жолдарымен белгіленбеген жерлерден өтуі жəне жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде, сондай-ақ теміржол жолдарына бөлінген белдеулерде мал жаюы. 2019-2021 жылдары ішінде жəне осы жылдың 8 айында теміржол көлігінде қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабы бойынша жеке жəне заңды тұлғаларға қатысты 854 əкімшілік іс қозғалды», - деді Берік Асылов.