40 мың теңге үшін жас келіншекті буындырып өлтірген такси жүргізушісі сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанда 40 мың теңге несиесін жабу үшін  жас келіншекті буындырып өлтіріп, мәйітін қамыстың арасына тастап кеткен такси жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны  19 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысы кезінде айыпталушы өз қылмысын толықтай мойындап, өкінетінін айтты. Сондай-ақ, марқұмның туыстарына материалдық шығын ретінде қаражат бергенін жеткізді. Десе де, жәбірленуші тарап сотталушыны кешірмейтінін, оған ауыр жаза тағайындауды сұрады. Осы істі қараған судья Саммедин Теміралиев түркістандық такси жүргізушісін Қылмыстық кодекстің 192-бабы 1-ші бөлігі («Қарақшылық») және 99-бабы 2-бөлігі 10-шы тармағы («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп тауып, оны 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленуші тарапқа 1 млн теңге көлемінде моральдық-материалдық шығын өтеуді үкім етті.  Жазасын  қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеуді белгіледі.

Естеріңізге сала кетейік, қылмыстық оқиға осы жылдың қаңтар айында орын алған. Түркістан тұрғыны  Әйгерім Тасболатова банкомат карточкасынан 201 мың теңгесін алуға кетіп, кейіннен із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Іздеу шаралары барысында 24 жастағы келіншектің мәйіті көрші ауылдағы қамыстардың арасынан табылды. Тергеу барысында екі баланың анасы банкоматтан ақша алған сәтін  жергілікті такси жүргізушілерінің бірі байқап қалып,  қаланың шетіне апарып, қылқындырып өлтіргені анықталды. Кейін ақшасы мен ұялы телефонын қолды еткен.  Ұрланған заттарды сатып, бас пайдасына жаратқан. Артынша ол сатылған телефон арқылы тәртіп сақшыларының қолына түсіп, қылмысын мойындады. Мәйітті өзі тауып беріп, ауыр қылмысты 40 мың теңге көлемінде несиесін жабу үшін жасағанын айтқан еді.