4000 метр биіктікте қалып қойған неміс альпинистері құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Германиялық екі альпинист 22 тамыз күні Швейцария Альпілеріндегі Брайтхорн тауында құтқарушыларды күтіп, бір түн түнеуге мәжбүр болды. Бұл туралы Welt басылымы хабарлайды. Басылым мәліметінше, «олар 4000 метр биіктікте ілініп тұрған», деп жазды DW.
Альпинистер тау шыңына жақын жерде қалып қойған – олардың жібі ілініп, бұдан әрі түсуге басқа арқан болмаған. Таулы-құтқару қызметінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығынан көріну деңгейі нашар болған, ал жаяу құтқару операциясы көшкін қаупінің жоғары болуына байланысты мүмкін болмаған.
Нәтижесінде келесі күннің таңында италиялық құтқарушылар тікұшақ көмегімен неміс альпинистерін алып кетті, кейін оларды ұшақпен Италияның Аоста қаласындағы ауруханаға жеткізді. Құтқару қызметінің айтуынша, олардың жағдайы «жалпы алғанда жақсы».
Брайтхорн — Швейцария мен Италия шекарасындағы тау жотасы, сол себепті альпинистерді құтқаруға италиялық мамандар жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін 7 000 метр биіктікте қалған ресейлік альпинистті бір аптадан бері құтқара алмай жатқанын жазған едік.