40 млн теңге залал: жүйеге жалған мәлімет енгізген ХҚКО қызметкері сотталды

Фото: Азаматтарға арналған үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда соты ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізіп, ауқымды қаржылай залал келтірген Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкеріне үкім шығарды.

— 2024 жылғы 8 қазанда айыпталушы Ресей азаматының атынан белгісіз адам ұсынған құжаттар негізінде ақпараттық жүйеге біле тұрып жалған мәліметтер енгізген. Кейін сол берілген ЖСН-ға банк шоты ашылып, оған 40 млн теңге аударылған. Бұл әрекет азамат пен мемлекетке залал келтірді, — делінген сот үкімінде.

Сот отырысында айыпталушы әйел өзін ақтауды сұраған, ал мемлекеттік айыптаушы оған 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Судья сотталушының кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін ескеріп, оған рақымшылық актісін қолданды.

Нәтижесінде айыпты әйелге 2 жыл колонияда жазасын өтеу және 2 жыл бойы шетел азаматтарына ЖСН беру құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кететін жайт, сот үкімін тыңдауға Халыққа қызмет көрсету орталығының операторлары профилактикалық мақсатта қатысты. 

Үкім күшіне енген жоқ. 

Еске сала кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов ақпараттық жүйе жиі істемей қалатындығын айтып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін сынға алған еді

Сондай-ақ жыл басында ХҚКО және медициналық мекеме қызметкерлері қылмыстық іс бойынша күдікке ілінді