42500: Әлеуметтік төлем алуға 2,6 млн адам өтінім берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2,4 млн-ға жуық қазақстандық карантин кезінде табысын жоғалтқаны үшін біржолғы төлем алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2 қыркүйек сағат 09.00-дегі жағдай бойынша биылғы шілдеде шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2 млн 607 мыңнан астам бірегей өтініш қабылданды. Төлем мөлшері ең төменгі жалақыға – 42 500 теңгеге тең. Төлемді 2 млн 391,5 мың қазақстандық алды, оның ішінде 2 млн 385 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 0,5 ЕТЖ – 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», - делінген ведомство мәліметінде.

МӘСҚ-тан төлем алуға өтінімдер бірнеше арналар арқылы қабылданады. 2 млн 607 мыңнан астам өтінімнің ішінде: 834,5 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берген; 689,3 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы; 415,3 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы; 667,4 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы; 0,7 мың адам штабтар арқылы өтініш берген.

Азаматтардың санаттары бөлінісінде: 834,5 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден келген (проактивті форматта); 272,6 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берген; 1 млн 500,2 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).

«Төлем 2 млн 393,6 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 млн 391,5 мың қазақстандыққа аударылды», - деп аталып өткен хабарламада.