42500 теңгеге үміткерлер Бірыңғай жиынтық төлемін ай сайын төлей ме

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірыңғай жинақ төлемін (БЖТ) 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға өтініш бермей тұрып төлеген дұрыс. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі мәселе бірыңғай жиынтық төлемі жайында болып отыр. Мұны бір азаматтар YouTube-та, басқа жерлерде халыққа: «Мемлекет сіздерді алдап жатыр. Бейресми жұмыс істеп жүргендер бір рет қана БЖТ төлесе жеткілікті дегендері өтірік. Оны сіздер ай сайын төлеулеріңіз керек. Ай сайын төлемесеңіздер кейін мойындарыңызға қарыз қылып іледі», деп түсіндіріп жатыр. Бұл - жалған ақпарат, сенбеңіздер. Бұл - ерекше, төтенше жағдайға қатысты Заң. Сондықтан сіз бейресми жұмыс істеп жүрсеңіз, тіршілік жасап ақша тауып, содан қазір айырылып қалсаңыз БЖТ-тыны бір рет қана төлеуіңіз керек», - деді министр.

Бұл ретте Біржан Нұрымбетов бірыңғай жинақ төлемін 42 500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш бермей тұрып төлеген дұрыс екендігін баса айтты.

«Осы күнге дейін біраз азамат алдымен өтінішін беріп алып, одан кейін БЖТ-ны төлеген. Біз оны түсінеміз. Сондықтан олардың БЖТ-сі түсіп қалар деп оны төлеп қойған 100 мыңдаған адамның өтінішін сіз сияқты жаңылысқан адамның ақшасы түсіп қалар деумен ары қарай жібермей ұстап отырмыз. Себебі, барлығын бірақ тексеруіміз қажет. Бейресми жұмыс істейтіндер алдымен бірыңғай жинақ төлемін төлеп, одан кейін бір тәуліктен соң өтініш бергендеріңіз дұрыс болар еді», - деді ол.