43 ел қатысқан стенд атудан Әлем кубогі Қазақстанда өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM —  Алматы облысындағы Александр Асанов атындағы мергендер клубының базасында стенд атудан ISSF Әлем кубогі кезеңінің ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Халықаралық турнир ел аумағында 2–11 мамыр күндері Халықаралық спорттық ату федерациясының қолдауымен өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің 43 елінен шамамен 550 спортшы мен ресми өкіл қатысып жатыр.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Әлем кубогінің бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасындағы трап, скит, сондай-ақ аралас командалық жаттығу — трап-микс енгізілген.

Салтанатты рәсімге Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) президенті Лючиано Росси, Еуропа мергендер конфедерациясының президенті Александр Ратнер, спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ спорт қауымдастығы мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Іс-шара аясында Александр Асанов атындағы мергендер клубының аумағында орналасқан жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы да өтті. Кешенде трибуналары бар көпфункциялы Final Hall ойын залы, бассейні бар спорт блогы, семсерлесу, жаттығу, сондай-ақ жабық пневматикалық тир залы бар. Жаңа нысан өңірдің спорттық инфрақұрылымын кеңейтіп, бірнеше спорт түрі бойынша спортшыларды даярлауға қосымша мүмкіндік береді.

Бұған дейін қазақстандық семсерлесушілер Оңтүстік Кореядағы Гран-приде бақ сынайтынын жаздық.