432 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындау туралы ақпарат жалған — министрлік

Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желіде біржолғы төлем тағайындау туралы ақпарат шындыққа жанаспайнын айтты. 

— Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде 2026 жылы табысы 232 мың теңгеден төмен отбасыларға, сондай-ақ белгілі бір сырқаты бар адамдарға 432 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындалатыны туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Қолданыстағы заңнамада мұндай әлеуметтік төлем қарастырылмағанын хабарлаймыз.

Мұндай хабарламаларды көбінесе алаяқтар жеке деректерге қол жеткізу мақсатында пайдаланатынын азаматтардың есіне саламыз, — делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми мәліметтер тек 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар арқылы жіберіледі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында ғана жарияланады.

Айта кетелік Алматыда жаңа Конституцияға қатысты фейк таратқан тұрғын жазаланған еді