45 млрд теңге: 279 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағын әлі алмаған

АСТАНА. KAZINFORM — БЖЗҚ салымшылардың (төлем алушылардың), сондай-ақ БЖЗҚ-да жинақтары бар қайтыс болған адамдар мұрагерлерінің зейнетақы төлемдерін алуға уақтылы өтініш беруі қажеттілігі туралы тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жыл сайын БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірігіп БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар, бірақ олар бойынша зейнетақы төлемін алу үшін БЖЗҚ-ға жүгінбеген зейнет жасына толған тұлғалар бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде аталған адамдарға бюджет қаражаты есебінен тағайындалған жасына байланысты және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығына салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Бұл шара аталған азаматтардың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде бюджет қаражаты есебінен тағайындалған жасына байланысты, еңбек өтілі үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің бар-жоғын анықтау үшін жасалады.

Биылғы наурыз айынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткен, БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақтары бар, соның ішінде 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты оларды алуға БЖЗҚ-ға өтініш жасамаған тұлғаларға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз (проактивті) тағайындау тәртібі енгізілді. Бұл тәртіп те «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен жыл сайын осындай салыстырып тексеруді көздейді.

Жыл сайынғы салыстырып тексеру нәтижелері бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорация арқылы алушыларға зейнетақы төлемдерін проактивті форматта жүзеге асырады. Мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алатын зейнеткерлердің БЖЗҚ-да МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары болса, олар БЖЗҚ-дан да төлемдерді автоматты түрде ала бастайды.

— 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен 279 041 адамның МЗЖ-ны есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарындағы талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 45 млрд теңге. БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған мәліметтерге сәйкес, олардың ішінде: — 155 217 адам қайтыс болған, олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлері талап ете алады; — 61 459 адам заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуді ресімдеген; — 62 365 адам жасына байланысты зейнетақысын ресімдеу үшін Мемлекеттік корпорацияға (тұрғылықты жері бойынша ХҚКО) әлі жүгінбеген, — делінген хабарламада.

Зейнетақы төлемдерін қалай алуға болады?

Еске сала кетейік, зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-дағы салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-сында есепке алынады, инвестициялануын жалғастыра береді және оларды алушылар немесе олардың мұрагерлері (алушы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін шотта сақталады.

Жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенде

Жасына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет.

Бұл ретте егер алушының БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары болып, бірақ оларды алуға бұрын (50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты) өтініш бермеген болса, оған БЖЗҚ-дан ЕЗЖ есебінен де зейнетақы төлемдері бірге тағайындалады.

Тұрақты тұруға (ТТЖ) шетелге кеткенде

Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ТТЖ-ға кетуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын пайдалана алады.

Жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне БЖЗҚ қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарының есебінен тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) шегінде, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-сында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлемді жүзеге асырады.

Сондай-ақ, зейнетақы және нысаналы жинақтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Жинағы бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері қайтыс болған адамның жинақтары түріндегі мұрагерлік мүлікті рәсімдеу және мұраға құқық туралы куәлікті алу үшін нотариусқа жүгінуі тиіс. Егер өтініш беру мерзімін өткізіп алса, мұраға құқықты қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет.

Айта кетелік зейнетақы жинағының жеткілікті шегін есептеудің жаңа тәртібі бекітілген еді.