45 мыңға тарта жұмыссыз «Жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына 78 мыңнан астам адам қатысты. Оның 45 мыңға жуығы жұмыссыздар. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Бiржан Нұрымбетов мәлiм етті.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, биыл «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына 78,4 мың адам қатысқан, оның ішінде жұмыссыздар саны 44,9 мың немесе барлық қатысушылардың 57,3 пайызын құрап отыр. Ал қатысушылардың  25,3 мыңы немесе 32,2 пайызы - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сонымен қатар, ішінара жұмыспен қамтылғандар 750 адам немесе 1 пайызға тең.

«Бағдарламаға қатысушылары арасында аз қамтылған азаматтар үлесі 3 мың 340 адам, соның ішінде 2 мың 594 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Сонымен қатар, 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 36 мың 206 адамды немесе  46,2 пайызды құрап отыр. 45,8 пайызы немесе 35 мың 968 адам - әйелдер», - деді Б. Нұрымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда еліміздегі экономикалық белсендi халықтың саны 8 млн 907 мың адамды құрайды. Ал жұмыссыздық деңгейi 5 пайыз шамасында.