«Мерейтойлық концерт болғандықтан биылғы кешті өзгеше қылып өткізудің жолдарын қарастырдық. Отбасыммен ақылдаса келе, ретро әндерге басымдық бергенді жөн көрдік. «Асыл арман», «Бозторғай», «Әдемі-ау», «Жанарым» сынды сағынышқа айналған әндерді өнер жұлдыздарымен бірге шырқап, жұртым бір мауқын басса деймін. Ұмытқандар болса, қайта есіне алсын. Сол әндер арқылы менің құрдастарым жастық шақтарына, іні-қарындастарым бозбала-бойжеткен күндеріне, ұл-қыздарым балалық бал дәуренге бір саяхат жасап қайтса, біздің мақсатымыздың орындалғаны сол болмақ», - дейді Е.Хасанғалиев. Кеште Майра Ілиясова мен Майра Мұхамедқызы, Нұрлан Абдуллин, «МұзАрт» пен «Жігіттер» және т.б. өнер жұлдыздары қатысады. Басылымға берген сұхбатында әнші-компазитор «Атамекен» әнінің шығу тарихымен де бөлісті. Оның айтуынша, 1968 жылдан бастап, қазақ өнерпаздары гастрольдік сапармен алыс-жақын елдерге шыға бастады. Сонда өзге елдің сахнасында қазақтың өр мінезін, көңілінің дарқандығы мен жерінің байлығын танытатын бір ән жазу арманы болған. «Ұзақ уақыт ізденістен кейін 1970 жылы «Атамекен» дүниеге келді. Музыканың көңілімнен шыққаны сондай, тез арада сахнаға алып шығып, жұртпен бөліскім келді. Алып-ұшып сөзін жазатын ақын іздедім. Ойыма бірден Қадыр Мырза Әлі түсті. Әуен ақынның көңілінен шықты. Сөз жазып беруге келісті. Сол жылы Республика сарайында Қазақ КСР-інің 50 жылдығына арналған үлкен концерт өтті. Аталған кеште «Атамекенді» алғаш рет Нұрғали Нүсіпжанов екеуміз қос дауыста орындадық. Дәл сол жылы Одақ өнерпаздары тұңғыш рет Швеция мен Финляндияға гастрольдік сапармен барды. Өнер делегациясының ішінде біз де болдық. Швеция астанасы Стокгольмнің ең үлкен сахнасында «Атамекен» шырқалды. Әнді орындап болғанымыз сол еді, бір топ адам сахнаға қарай қаумалай бастады. Жасы мен жасамысы бар, арасында бала-шаға да жүр. Жүздері жылы ұшырай кетті, сөйтсек өз қандастарымыз екен. Ол кезде тәртіп қатал. Оқыс қимыл жасап, артық сөз айтуға болмайды. Қол жуу үшін де рұқсат сұрайтынбыз. Қарақұрым халық жабыла құшақтап, бетімізден сүйіп жатыр, көздеріне жас алғандар да бар. Не істерімізді білмей аңтарылып қалдық. Сөйтсек, бұл ән бауырлардың туған жерге деген сағынышын маздатып жіберген екен. «Өшкенімізді қайта жаңғырттыңдар, рахмет сендерге», - деп алғыстарын жаудырды. Содан бері 45 жыл бойы қайда жүрсем де, қандай сахнаға шықсам да, «Атамекенді» аузымнан тастамаймын», - деді Е.Хасанғалиев.
00:03, 07 Ақпан 2015
45 жыл бойы қайда жүрсем де «Атамекенді» аузымнан тастамаймын - Е.Хасанғалиев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Атамекен» әнінің тарихын айтып, алдағы 13 ақпан күні Алматыдағы Республика сарайында өтетін мерейтойлық концертінің дайындық, жоспарымен бөлісті.