Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырысқа министрлік қызметкерлері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, комитеттер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан Асқарбек Ертаев министрліктің мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыруды жалғастырып, азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
-2026 жылы әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4,6 млн адам зейнетақы және жәрдемақымен қамтылып, оларға 3,3 трлн теңге төленді. Біздің міндетіміз – әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін одан әрі арттыру, – деді министр.
Отырыс барысында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
-Жылдық жұмыспен қамту жоспары 548 мың адамды құрайды. Бірінші жартыжылдықта шамамен 250 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық жоспардың 46%-ына тең. Сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шаралары аясында 245 мыңнан астам азамат қолдау алды. Жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған азаматтарға атаулы жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдау көрсету жалғасуда, – деді Асқарбек Ертаев.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижелері туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев баяндады.
Оның айтуынша, мемлекеттік еңбек инспекциясы еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытындағы қызметін жүйелі түрде күшейтіп келеді.
-Биылғы жылдың алты айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 607 тексеру жүргізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6%-ға көп. Бақылау іс-шаралары барысында еңбек заңнамасының 4 мыңнан астам бұзушылығы анықталып, жұмыс берушілерге 2,3 мыңнан астам міндетті нұсқама берілді, сондай-ақ әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды, – деді Ербол Тұяқбаев.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада еңбек заңнамасын бұзған 96 жұмыс берушіге 18 млн теңге айыппұл салынды.