46 жылдық науқан: Қытайдағы ең үлкен шөл ағашпен қоршалды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай елдегі ең үлкен Такла-Макан шөлін жасыл желектендіру бойынша 46 жылдық науқанын аяқтады. Аталмыш жоба елдің шөлейттенумен күресу және көктемде елдің біраз бөлігінде жүретін құмды дауылдарды азайту үшін қолға алынды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Шыңжаңның солтүстік-батысындағы шөлдің оңтүстік шекарасының кейінгі 100 метріне ағаш отырғызу арқылы Такла-Макан шөлін қоршап тұрған 3 000 шақырымдық «жасыл белдеу» жобасының аяқталғаны атап өтілді.
Шөлді ағаштармен қоршау жұмыстары 1978 жылы халық арасында «Ұлы жасыл қорған» деген атпен белгілі «Үш солтүстік қорғау белдеуі» жобасы аясында басталған. Осы уақыт ішінде 30 миллион гектар аумаққа ағаш отырғызылды.
Елдің құрғақ солтүстік-батысында ағаш отырғызудың арқасында Қытайдың жалпы орман алқабы өткен жылдың аяғында 25 пайыздан асты. Бұл көрсеткіш 1949 жылы шамамен 10 пайызды құраған. Тек Шыңжаңда кейінгі 40 жылда орман үлесі 1 пайыздан 5 пайызға дейін өсті.
Такла-Макан шөлінің шетіне көшеттер отырғызу жалғасады. Сонымен қатар шөлдің батыс шекарасындағы ауылшаруашылық жерлері мен саябақтарды қорғау үшін жаңа орман желілерін құру жоспарланып отыр.
Деректерге сүйенсек, Қытайдың ағаш отырғызудағы белсенді әрекетіне қарамастан, ел аумағының 26,8 пайызы әлі күнге дейін «шөлейт» санатына жатады. Бұл көрсеткіш 10 жыл бұрын 27,2 пайыз болатын.
Осыған дейін Қытай 2031 жылы Марстан топырақ үлгілерін алуды жоспарлап отырғаны туралы жаздық.