47 жастағы қызылордалықтың кеудесінен 10 сантиметр сым алынды

Фото: Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында сол жақ кеуде тұсынан жансыз затты алу бойынша торакоскопия отасы жасалды.

Аурухананың баспасөз қызметі хабарлағандай, 47 жастағы Қызылорда тұрғыны облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған ашық есік күнінде дәрігер кеңесіне жүгінген. Науқас сол жақ кеуде тұсы ауыратынын айтып шағымданған. 

Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

— Мамандар зерттей келе оның денесінде ұзындығы 10 сантиметрге жететін сым барын анықтады. Науқасқа бұған дейін басқа ауруханада ота жасалып, оң жақ бұғана сүйегінің сынығына байланысты металл конструкция орнатылған. Сол кейін жылжып кетіп, жанына батып жүріпті. Кезекті ота кезінде мамандар жансыз затты алып тастады. Ота сәтті өтті. Науқастың жағдайы жақсы. Толық ем қабылдағасын үйіне шығарылады. Белгілі бір уақытқа дейін емхана бақылауында болады, — деді аурухананың баспасөз қызметінің маманы Гүлбану Мақажан.

Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Отаны аурухананың хирургия-2 бөлімінің меңгерушісі Бекет Мантаев ассистенті Рауан Жәлімбетовпен бірге жасады. Сондай-ақ оған анестезиолог Ғабит Дүйсен қатысты. 

Фото: Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық перинаталды орталығында салмағы небәрі 1000 грамм, туғанына 45 күн болған нәрестенің жүрегіне күрделі операция жасалды.