480 млн. доллар телефон алаяқтарының қолында кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда 2013 жылы телефон алаяқтары 480 миллионнан астам долларды жымқырған.

Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, елде телефон алаяқтарының арбауына түскендердің саны жылдан жылға артуда. 2013 жылдың өзінде осындай 12 мың оқиға тіркелген. Оның 77 пайызында алаяқтар қарттарға телефон арқылы қоңырау шалып, жақын туыстарының қиын жағдайда қалғанын айтып, шұғыл ақша жіберуін талап ететін болған.

Өзіндік рекорд жасаған алаяқтардың арасында тіпті 130 млн. иенді (1,26 млн. доллар) жымқырып кеткендері де бар. Соның бірі Сига префектурасының (Хонсю аралының орталық бөлігі) 80 жастағы кейуанаға қоңырау шалып, ақша жібермесе, темір торға тоғытылатынын айтып қорқытқан. Одан зәресі ұшқан қарт 20 млн. иенді (194 мың доллар) ойланбастан бере салған. Әзірге жапон полициясына қаскүнемді қолға түсіруге мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС .