4 млрд долларлық келісім: Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтады

Фото: GLOBAL LOOK PRESS

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Мемлекет басшысын тарихи келісіммен құттықтады. Бұл туралы Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

— Мен Қазақстан Республикасының аса құрметті Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен тамаша әңгімені жаңа ғана аяқтадым. Олар теміржол жабдықтарын сатып алу бойынша тарихтағы ең ірі келісімге — 4 миллиард АҚШ долларына америкалық локомотивтер мен теміржол жабдықтарын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Біз АҚШ-тағы теміржол саласын қолдауымыз қажет, өйткені ол көптеген жыл бойы «жалған экологтардың» шабуылына ұшырап келеді, — деп жазды Трамп.

АҚШ көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтауын жолдады.

— Президент Тоқаевты осы ірі сатып алумен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ел де, бүкіл әлем де сенімді әрі көркем теміржолдар негізінде өркендеген. Енді олар қайта оралуда — тез қарқынмен! — деп түйіндеді АҚШ президенті.

Айта кетейік, бұған дейін Нью-Йорк қаласына сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен сөйлескені хабарланды.