ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазақ саңыраулар қоғамы Орал оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС мәдениет және демалыс саябағында ағымдағы жөндеу жұмыстарын орындағаны үшін ақы төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаған «Жәнібек аудандық демалыс орталығы» МКҚК-дан 5,592 млн теңге және мерзімінде өтелмеген 218,088 мың теңгені өндіру туралы БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот талқысы барысында тараптар медиациялық келісімге келді. Яғни сол бойынша жауапкер берешегін өтеп, ал талапкер арызынан бас тартады.
Сот ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 174-177, 194 және 277-бабы 2-тармағын басшылыққа ала отырып, ерікті түрде жасалған, заңға қайшы келмейтін медиациялық келісімді бекітіп, істі қысқартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).