«Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы маңындағы ашық алаңда өткен айтулы доданың былтырғы дүбірі көпшілік көрерменнің әлі есінде болар. Екі күнге созылған аламан жыр додасында Жақсылық Орынбасар мен Ринат Зайытов бір-біріне бір ұпай да ұтқызбай мәреге қатар жетіп, бас жүлдені қақ бөліп алып еді. Естеріңізде болса, сол айтысқа жиналған көрермен ақ шатырдың астына сыймай қалған-ды.
Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған Астанамыздың он алты жылдығына арналған шара 5-6 шілде күндері өтеді. Осы айтысты ұйымдастырып жүрген ақын Серік Қалиевтің айтуынша, оған келесі жүйріктер қатысады.
Басты шаһарымыз Астана қаласынан Жақсылық Орынбасар, Айсәуле Бейсенхан қатысса, Алматыдан Сәкен Орынбасарұлы мен Фархат Маратұлы өз бақтарын сынамақ. Сондай-ақ еліміздің әр өңірлерінен ат арытып келген айтыскерлер Алик Бекмұсаев (Жамбыл облысы), Карима Оралова (Оңтүстік Қазақстан облысы), Азамат Малжанбай (Қостанай облысы), Смағұл Жұмаділ (Алматы облысы), Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы), Аяулым Жұмабекқызы (Алматы облысы), Дархан Әбдіманап (Жамбыл облысы), Мақсат Аханов (Қарағанды облысы), Қазыбек Байжұманов (Шығыс Қазақстан облысы), Эльдар Ихсанов (Батыс Қазақстан облысы), Ержеңіс Әбдиев (Қызылорда облысы), Саадат Нұрманов (Атырау облысы) жыр додасына түседі, деп хабарлайды kazaitys.kz.