5-7 мамыр аралығында ҚХА делегациясы су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстанның аудандарына сапар жасайды

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - 5-7 мамыр аралығында Батыс Қазақстан облысының су тасқынынан зиян шеккен аудандарын ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов бастаған республикалық этномәдени бірлестіктердің басшыларынан тұратын Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы аралайды.

Жұмыс сапары барысында делегация Орал қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 3 эвакуация пунктінде болады, Орал қаласы маңындағы, Зеленов және Тасқала аудандары елді мекендеріндегі су шайған аймақтарды аралап, тұрғындармен кездеседі.

Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру бойынша әрі қарай көмек көрсетуді анықтау үшін облыс басшылығымен және жергілікті атқарушы билікпен жұмыс кездесулері жоспарланған.

Сапар аясында делегацияның М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен және студент жастарымен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы активімен және қоғам өкілдерімен кездесулері өткізіледі.

Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктер, зардап шеккендерге көмек ретінде түрлі бағыттар бойынша 17 млн. 700 мың теңгежинап, жолдады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жапа шеккен аудандарға су шайған ғимараттарды қалпына келтіру үшін құрылыс материалдарын: екі вагон темір арматура, бір вагон цемент, бір вагон құрылыс блоктарын жөнелтеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдайдан зардап шеккендерге материалдық қайырымдылық көмек жинау жалғасуда.

Этномәдени бірлестіктер қаржылай көмек көрсету жөніндегі арнайы қорға өз көмектерін аударуды жалғастыруда. Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынан зиян шеккендерге көмек қаражатын жинау үшін ашылған қайырымдылық есеп шотының реквизиттері: «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры» ҚҚ, СТН 620300316457, БИН 090240010377, шот нөмірі KZ91319Y010003922591, БИК - ABKZKZKX. Астана қаласындағы «БТА банкі» АҚ «Астана» филиалы.