5 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 5 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

5 ақпан СӘРСЕНБІ

Мексиканың мемлекеттік мерекесі - Конституция күні. Мексика Құрама Штаттары - Солтүстік Американың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде АҚШ-пен, оңтүстік-шығысында Гватемала және Белизбен шектеседі. Батысы мен оңтүстігі Тынық мұхитының, шығысы Атлант мұхитының жағалауларын алып жатыр. Астанасы - Мехико қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. 1917 жылғы ақпанның 5-інде қабылданған Конституция бойынша мемлекет басшысы - президент. Президентті халық 6 жыл мерзімге сайлайды. Жоғары заң шығарушы органы Сенат (6 жыл мерзімге сайланады) пен Депутаттар палатасынан (3 жыл мерзімге сайланады) құралатын Ұлттық конгресс. Жоғары атқарушы органы - Министрлер Кабинеті. Мексика әкімшілігі жағынан 31 штат пен федералдық астаналық округке бөлінеді.

Қазақстан Республикасы мен Мексика Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 13-інде орнатылды.

Финляндияда Рунеберг күні. Осы күні атақты ақын Йохан Людвиг Рунебергтің (1804-1877) туған күнін тойлайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

86 жыл бұрын (1928) алғаш рет D дәрумені жасанды жолмен алынды.

69 жыл бұрын (1945) Алматыда алғашқы қазақ консерваториясы ашылды.

1 8 жыл бұрын (1996) Қазақстан телекоммуникациялар консорциумы (КАТЕЛКО) құрылды.

1 3 жыл бұрын (2001) Алматыда «Сөзтаным» журналы жарық көрді.

8 жыл бұрын (2006) Ұлыбританияның Мюррейфилд регби клубы стадионында өткен Шотландия мен Франция арасындағы Регби бойынша алты ұлт кубогы ойынында 13525 көрермен Шотландияның ұлттық туын жасады. Аталмыш көріністен қуат алған шотландтықтар француздарды 20:16 есебімен ұтып кетті.

6 жыл бұрын (2008) «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған қоғамдық кеңес құрды.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін Елбасы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде көтерген болатын. Бұдан соң осы бағыттағы жұмыстарға қоғам өкілдерін тарту мақсатында арнайы қоғамдық кеңестер құру қажет деген шешім қабылданды. Қоғамдық кеңеске қоғам өкілдері мен «Нұр Отаннан» өзге де партия өкілдері енгізілді.

6 жыл бұрын (2008) Әділет министрлігі заң жобаларының сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында әдістемелік ұсынымдар әзірледі.

Жинақталған әдістемелік ұсынымдар - әзірленетін тұжырымдама жобалары мен заң жобаларының сапасын арттыруға, тікелей қолданылатын заңдарға батыл көшуге және сілтемелі, бланкеттік нормаларды азайтуға ықпал етеді. Бұл құжат заңға сәйкес актілер бойынша жете жұмыс істеуді және әрбір заң жобасына жүйелі түрде жақындауды қалыптастырады.

5 жыл бұрын (2009) Қарағандыда малдәрігерлік зертхана ашылды. Ол толығымен халықаралық стандарттарға сай келеді. Заманауи жабдықтарымен жарақтанған жаңа зертхана аса қауіпті мал ауруларын қысқа мерзімде сынамадан өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда сондай-ақ азық-түлік өнімдері де тексеріледі. Бұл - Қазақстандағы осындай алтыншы зертхана.

4 жыл бұрын (2010) Қазақстан мен Норвегия сыртқы істер министрліктері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжатқа қол қою рәсімі Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Норвегия Корольдігінің Мұрагер ханзадасы Хокон Магнуспен кездесуі барысында өтті.

Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-інде орнатылды.

4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының иммунитетін және оның меншігін шет ел мемлекеттер соттарының құзыретінен қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің және оның меншігінің иммунитеті, аралық соттар және халықаралық коммерциялық төрелік қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

4 жыл бұрын (2010) Норвегия Корольдігінің тақ мұрагері, ханзада Хокон Магнус елордадағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен норвегиялық SYSLAB жобасының қолдауымен ашылған Инновацияларды дамыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу орталығын ашты.

SYSLAB жобасы 1992 жылы Норвегияның «Хиб-Сислаб» кәсіпорынында кіші және орта бизнестің мақсаттарын біріктіру үшін құрылған. Жобаның авторы және негізін қалаушы - Берген қаласының Жоғары технологиялар орталығының директоры Ян Йохонссен. Елімізде аталған жобаның Алматы, Астана және Шымкент қалаларында орталықтары бар. Жобаның негізгі мақсаты - ұзақ уақыт бойы жұмыссыз жүрген жоғары білімді маманның жұмысқа орналасуына қол ұшын беру.

4 жыл бұрын (2010) Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің резиденциясында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлы туралы «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері болды.

Жинақта Бауыржан Момышұлының Мәскеу мұрағаттарында сақталған, бұрын жарияланбаған жазбалары, сұхбаттары, суреттері, сондай-ақ майдангер-достары - Мәлік Ғабдуллиннің, Дмитрий Снегиннің естеліктері орын алған.

ЕСІМДЕР

8 4 жыл бұрын (1930) қазақ экономисі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі ЕЛБОСЫНОВ Сүният Құсайынұлы дүниеге келді.

Семей қаласында туған.

Мәскеу түсті металдар және алтын институтын, Орал политехникалық институтының аспирантурасын бітірген.

Оның 80-нен астам ғылыми еңбектері, соның ішінде 15 монографиясы, кітапшалары, оқу құралдары бар. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - түсті металдар өндірісін интенсификациялаудың теориялары мен әдістемелері мәселесі.

7 8 жыл бұрын (1936-2004) домбырашы, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері ҒАБДИЕВ Рысбай Қисметоллаұлы дүниеге келді.

Ресейдің Астрахан облысында туған. Алматы музыка училищесін, Шымкент өнер институтын бітірген.

1954-1961 жылдары - Қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашысы, концертмейстері. 1961-1962 жылдары - Атырау музыка училищесінің мұғалімі. 1962-1980 жылдары - Доссор музыка мектебінің директоры. 1980-1990 жылдары Атырау педагогика институты музыкалық-педагогика факультетінің деканы болған. 1990 жылдан өмірінің соңына дейін Атырау облыстық халықа аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Ол 1994 жылы Анталия (Түркия) қаласында өткен дүниежүзілік өнер фестивалінің, 1998 жылы Алматыда өткен «Құрманғазы және ұлы дала музыкасы» халықтар фествалінің бас жүлделерін жеңіп алған. Оның репертуарында Құрманғазының «Терісқақпай», «Байжұма», «Адай», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем», Динаның «Бұлбұл», «Байжұма», Дәулеткерейдің «Қос ішек», «Көркем ханым», «Көроғлы», Сейтектің «Ақсақ құлан» сондай-ақ, Есбайдың, Ерғалидің, Абылдың, Қазанғаптың күйлері, халық күйі «Қарасай», т.б. бар. Ғабдиев орындауындағы күйлер бірнеше күйтабаққа және «Байжұма» деген атпен үнтаспаға жазылған. «Балалар оркестрімен жұмыс», «Домбырадан сабақ беру тәсілі», тағы басқа кітаптары бар.

«Парасат» орденімен марапатталған.

74 жыл бұрын (1940-1997) жазушы ОЙШЫБАЕВ Бақтығұл дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

«Лениншіл жас» газетінде, одан кейін Тайпақ, Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық газеттерінде қызметтер атқарған. Оның алғашқы үш әңгімесі республика жас жазушыларының «Шұғыла» атты жинағына енген.

«Алыстан көрінген от», «Қимас күндер» атты әңгіме, хикаяттар кітаптарының авторы. Сондай-ақ көптеген очерктері жарық көрген.

Медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1954) әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі СӘМЕДИНОВА Бағдат дүниеге келді.

Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Алматыдағы эстрада студиясын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Әнші республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Бішкек қаласында өткен А.Малдыбаев атындағы халықаралық өнер жарысының жеңімпазы атанған. «Сазген» ансамблінің құрамында Италияда өткен фольклорлық фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алған. Сәмединова концерттік бағдарламамен әлемнің көптеген елдерінде болды.

Медальдармен, «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.

5 3 жыл бұрын (1961) Мұхтар Әуезов атындағы әдеби-мемориалды үй-мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты ҚОНАЕВ Диар Асқарұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген.

1987-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институты Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын зерттеу бөлімінің - Мұхтар Әуезов атындағы әдеби-мемориалды мұражайының кіші, аға ғылыми қызметкері, 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институты Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын зерттеу бөлімінің - Мұхтар Әуезов атындағы әдеби-мемориалды мұражайының жетекші ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 2000 жылдан «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры қызметін атқарады. 1996 жылдан Халықаралық Мұхтар Әуезов қорының президенті. 2000 жылдан - мәдениет саясаты сараптамалық орталығының директоры. «Мұхтар Әуезов және орыс әдебиеті» атты кітабы жарық көрген.

4 5 жыл бұрын (1969) жазушы, мәдениеттанушы және журналист, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ҰК» бас редакторы Дидар АМАНТАЙ дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Орта мектепті бітірген соң, 1986 жылы Қазақ политехникалық институтына түседі. 1989-1994 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Философия және политология» факультетін үздік бітірген. 1994-1997 жылдары Театр және кино институтын кинодраматург мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. 1987-1989 жылдары «Жас алаш», «Заман Қазақстан» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1997-2002 жылдары «Хабар» агенттігінде бағдарлама редакторы, «Майдан» токшоу редакторлар бөлімінің жетекшісі, «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, 2002-2004 жылдары «Зерде» жобалау тобының жетекшісі, 2004 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы, 2005-2006 жылдары «Ел мен жер» және «Азамат кz» газетінің директоры, 2004-2008 жылдары «Начнем с понедельника» газетінің Бас директоры және бас редакторы, 2008 жылы іскерлік «Азамат» газетінің директоры, 2006-2008 жылдары «31 арнаның» «Абайтану» және «Замандастар» телевизиялық бағдарламаларының авторы және жүргізушісі. 2009 жылдан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы. Алғашқы кітабы 1996 жылы «Постскриптум» деген атпен жарық көрді. Кейіннен «Қастерле мені» (2000), «Гүл мен кітап» (2003), «Күзгі рандеву» (2005) кітаптарымен қатар, «Нұрғиса Тілендиев», «Әлжаппар Әбішев» деректі фильмдердің, «ФЭФ» көркем фильмдерінің сценариін жазған. «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының (1999), Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2007).

57 жыл бұрын (1957) Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуразия Халықаралық Экономикалық академиясының академигі Мамраев Бейбіт БАЙМАҒАМБЕТҰЛЫ дүниеге келді.

Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын орта мектепте мұғалім болудан бастап, Қарағанды және Алматы қалаларының жоғары оқу орындарында оқытушылық етеді. Ұзақ жылдар ҚР Ұлттық ғылым академиясында қызмет атқарып, Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары болады. 2000 жылдан бастап - ҚР Президенті Әкімшілігінің білім және ғылым секторының меңгерушісі, 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы кеңесшісі, 2006 жылы - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2008 жылдан бастап - С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарды. Бейбіт Баймағамбетұлы, сонымен қатар, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесінің және бірнеше ғылыми басылымдардың әдебиет және фольклор мәселелері жөніндегі редакция алқасының мүшесі болып табылады. Көптеген шетел университеттері мен ғылыми ұйымдарында дәрістер оқыған.

174 жыл бұрын (1840) үрмелі шинаны ойлап тапқан ағылшын өнертапқышы, «Данлоп» компаниясының негізін қалаушы Данлоп Джон БОЙД дүниеге келді.

17 4 жыл бұрын (1840) тегі американдық ағылшын өнертапқышы, «Максим» пулеметін жасаушы Хайрем МАКСИМ дүниеге келді.

13 6 жыл бұрын (1878-1935) француз өнеркәсіпшісі, «Ситроен» концернінің негізін қалаушы Андре-Гюстав СИТРОЕН дүниеге келді.

2 9 жыл бұрын (1985) португал футболшысы, испандық «Реал Мадрид» клубы мен Португалия құрамасында өнер көрсетіп жүрген КРИШТИАНУ РОНАЛДУ душ Сантуш Авейру дүниеге келді.