5 ақпанда елдегі қай жолдар ашық, қайсысы жабық

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады. 

2026 жылғы 5 ақпан сағат 08:30-дағы жағдай бойынша, қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар келесі автожол учаскелерінде барлық көлік түрі үшін қозғалысқа шектелді:

Қостанай облысы

• «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолы, 8-108-шақырым (Тобыл қаласы – Әулиекөл елді мекені учаскесі).

Маңғыстау облысы

• «Таушық – Шетпе» республикалық маңызы бар автожолы, 0-70-шақырым;

• «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автожолы, 338-638-шақырым (Бейнеу ауылы – Шетпе ауылы учаскесі);

• «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» автожолы, 0-85-шақырым.

Сондай-ақ мына жолдарда жүк және қоғамдық көліктерінің қозғалысы шектелді:

Ақтөбе облысы

• «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолы, 776-1240-шақырым (ECO oil жанармай бекеті – Қызылорда облысының шекарасы учаскесі).

Қызылорда облысы

• осы жолдың 1240-1362-шақырымы (Ақтөбе облысы шекарасы – Арал қаласы учаскесі).

Сондай-ақ «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір өткелінің шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жол айрығы учаскесі – Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол жабылды.

Ал Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанша сақталады.

Бұған дейін Қазгидромет 5 ақпанда қар, тұман және көктайғаққа байланысты бірқатар өңірде ескерту жасаған еді.