5 араб елі әлемнің ең жемқор елдерінің ондығына енді

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Жемқорлықты қабылдау индексі 2013» рейтингісіне сәйкес әлемнің ең коррупциялы 10 елінің қатарына Сомали, Судан, Ливия, Ирак және Сирия сияқты 5 араб елі еніп отыр, деп хабарлады Azan.kz Skynewsarabia-ға сілтеме жасап.

Жыл сайын өтетін рейтинг мемлекетік сектордағы жемқорлық деңгейіне сәйкес жасалады. Тізімдегі 177 елдің басына жемқорлығы аз жайылған елдер жайғасса, соңғы орындарға нағыз коррупциялы елдер орналасқан.

Тізімнің бірінші және екінші орындарында Дания мен Жаңа Зеландия тұр. Бұл елдердің билігінде жемқорлықтың төмен деңгейі тіркелген.

Финляндия мен Швеция 3-орынды бөлісті, ал бесінші орыннан Норвегия көрінді.

Германия бір сатыға көтеріліп, өткен жылғы 133-орнынан 12-орынға жоғарылады. Ал Жапония 19-орыннан 20-орынға түсіп, әлдеқайда коррупциялы елге айналды.

АҚШ пен Қытай өткен жылдағыдай тізімнің 19 және 80 орындарында.