5%-дық ипотека: Пәтер алуға дайындықты қазірден бастаңыз

Коллаж: Kazinform / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Пәтер ала алмай жүргендерге мүмкіндік көп. Тұрғын үй сарапшысы дәл осылай деп пікір білдірді. 5%-дық ипотека берілетіні рас па? Пәтер алудың тиімді жолдары қандай? Қаржыгер Перизат Бауыржан «Бүгін LIVE» студиясында осы сұрақтарға жауап берді.

– Көпшілік 5 пайызбен ипотека беріледі деп күтіп жүргеніне біраз уақыт болды. «Әзірге «Отбасы банкке» ақша жинай беріңіздер. Сол жерде бағалау көрсеткіші артса, ертеңгі күні конкурстан өтіп қалуыңыз әбден мүмкін» деп кеңес айтып жатқандар көп. Десе де, дәл қазір ондай бағдарлама нақты іске қосылған жоқ. Соған қарамастан, қазірден бастап дайындық жүргізуге болады. Алдағы уақытта жаңа бағдарламалар болады деген болжам бар, – дейді қаржыгер.

Маман мұндай бағдарлама басталған күннің өзінде ипотека ең әуелі үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетінін жеткізді.

– Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар, ең алдымен, кезекте тұрған азаматтарға және әлеуметтік осал топтарға беріледі. Егер бірінші нарықтан үй алғысы келетін азаматтың 50 пайыз бастапқы жарнасы дайын болса, кейбір коммерциялық банктерден 5 пайызбен ипотека алуға мүмкіндік бар. Бірақ 50 пайыз болса да, банк міндетті түрде сіздің кірісіңізге қарайды. Мысалы, айлығыңыз 300 мың теңге болса, соның тең жартысынан аспауы керек. Яғни, сізге осы табысқа сай ипотека рәсімделеді, – дейді студия қонағы.

Тұрғын үй сарапшысы ипотекамен кімдердің үй алуға мүмкіндігі бар екенін айтты.

– Ипотеканы 18 бен 70 жас аралығындағы барлық ҚР азаматы ала алады. Сонымен қатар 18-35 жас аралығындағы жас отбасыларға арналған арнайы бағдарламалар да бар. Міндетті түрде соңғы 6 айдағы несие тарихы тексеріледі. Ол жерде микроқаржы ұйымдарынан немесе ломбардтардан алынған несие болмауы керек. Егер несие коллекторға өтіп кетсе, қазірден бастап сол жайында анықтама дайындап қойған дұрыс. Бұл анықтамалар кейде 10-14 күнге дейін дайындалады, – дейді Перизат Бауыржан.

Қаржыгер пәтер алу үшін қажетті кеңестерімен бөлісті.

– Ең әуелі ай сайынғы шығындарыңызды азайтыңыз. Кредиттік карталарыңыз болса, бәрін жауып, өз қаржыңызды ретке келтіру қажет. Себебі үйсіз жүргендер көп, бірақ бәрі бірдей ипотека ала алмайды. Егер үй алғыңыз келсе, басқа заттарды несиеге алмаңыз. 20 пайыз бастапқы жарна жинаңыз. Тұрақты табысыңызды ретке келтіріңіз. Осындай жағдайда арзан пайызбен ипотека алу мүмкіндігі жоғары, – дейді ол.

Студия қонағы бастапқы жарнаны жинамай-ақ қалай ипотекаға пәтер алуға болатынын түсіндірді.

– Кей азаматтар «Менде бастапқы жарна жоқ, бала-шағамды әрең асырап отырмын. Бірақ үй керек, себебі пәтер жалдап тұрамын» дейді. Ондайда мынаны түсіну керек: Егер үйдің құны 23 миллион теңге болса, 4,6 млн теңге бастапқы жарна қажет болады. Қалған 18,4 млн теңгені ипотекаға рәсімдегенде, ай сайынғы төлем 330-350 мың теңге шамасында болады. Ал бастапқы жарнаны өзіңіз жинап төлесеңіз, ай сайынғы төлем 215-220 мың теңгеге дейін түседі. Яғни, уақыт жоғалтпай, бастапқы жарнаны несие арқылы алу да кей жағдайда тиімді, – дейді ол.

Перизат Бауыржан бірінші және екінші нарықтағы баспаналарды ипотекаға алу жолдарына тоқталды.

– Соңғы 3 жылда бірінші нарықтағы үйлерге сұраныс жоғары. Себебі пайыздық мөлшерлемесі аз. Бірінші нарықтан пәтер алғыңыз келсе, қазірден бастап 10 пайыз жарна салып, бронь жасап қоюға болады. Кейін тағы 10 пайызын жинап, баспана кілтін қолыңызға алуға мүмкіндік бар. Екінші нарықта да үй алуға болады. Онда да 20 пайыз бастапқы жарна қажет. Әр банктің өзінде стандарттық, цифрлық, каскадтық секілді кемінде 7 түрлі ипотекалық бағдарлама бар, – дейді ол.

Сарапшы тиімді ипотекалық бағдарламалар туралы ақпаратты қайдан іздеу керегін айтты.

– Қазір әлеуметтік желілерде қате ақпарат өте көп. Егер нақты, тиімді бағдарламалар жайлы білгіңіз келсе, банктердің ресми сайтына кіріңіз. Онда арнайы ипотекалық калькуляторлар бар – сол арқылы өз жағдайыңызға есептеп көре аласыз. Кейде банк менеджері нақты жауап бермейді. Ондайда қорықпай, тікелей банктің басшылығына барыңыз. Бұл – сіздің құқығыңыз. Қазір сақтандыру деген бар. Үйдің құнының 1-1,5 пайызын сақтандыруға төлейсіз. Бірақ кей банктер осыны комиссия ретінде көрсетіп, түсіндірмей береді. Адамдар «ипотека алсам болды» деп, ойланбастан келісімге қол қоя салады. Бұл дұрыс емес. Егер 2-ші нарықтан үй алсаңыз, көбіне банк өз нотариусына жібереді. Ал ХҚКО-дағы нотариуске барсаңыз, 13 мың теңгеге рәсімдеп аласыз. Әйтпесе, банк ұсынған нотариус 80 мың теңгеге дейін алуы мүмкін. Ешқандай дайындықсыз, ізденбей үй алсаңыз, ипотекаңыз 18 пайыздан жоғары мөлшерлемемен рәсімделуі мүмкін. Сондықтан, ипотекаға кем дегенде 6 ай бұрын дайындалған дұрыс, – дейді маман.

Айта кетейік, Алматы облысында «Алатау» ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау басталады.