5 елдің өкілдері Каспий теңізінің мәртебесін бөлуді талқылады

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Мәскеу қаласында Каспий теңізі мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

Келіссөздерге Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан делегациялары қатысты.

Тараптар Каспий теңізінде бастапқы тік сызықтарды белгілеу әдістемесі туралы келісім жобасын талқылауды жалғастырды. Каспийдегі ынтымақтастыққа шолу жасалды.

Делегациялар Ресей Федерациясына кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Жоғары деңгейдегі жұмыс тобының келесі отырысы Түрікменстанда өтеді.

Еске салсақ, Сенат Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараларды заңды түрде бекітуге арналған құжатты қабылдады.