Алқалы жиында ашқан еліміздің Жоғарғы сотының Төрағасы Қайрат Мәми өз сөзінде 2016 жылдың 1 қаңтарынан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың тәжірибелік кезеңін іске асыру басталғанын баса атап өтті.
«59 заң күшіне енді. Олар мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық ортаны құрайды. Мемлекеттік құрылыстың осы кезеңіне көшу 5 институттық реформамен айқындалған. Барлық 5 институттық реформаның табысты орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей тәуелді. Сондықтан осы міндет бүгінгі кеңейтілген қорытынды мәжілістің басты тақырыбы болады», - деді Қ.Мәми.
Мәжіліс барысында Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Елис Әбдіқадыров сөз сөйлеп, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру, қорытуларды жүргізу, нормативтік қаулыларды қабылдау, сот істерінің электронды жіктегішін жасау және енгізу жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
Қорытынды мәжіліс аясында қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу, Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің 2015 жылғы жұмысының қорытындыларын шығару мәселесі бойынша Жоғарғы сот алқаларының кеңейтілген отырыстары өткізілді.