5 қаңтар. Жылнама

Фото: Kazinform/Midjourney

Kazinform оқырман назарына 5 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы «Ұлттық тест орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. ҰТО-ның басты қызметі Қазақстанның білім беру жүйесіне мониторинг жасау және барлық түрдегі сыртқы емтихандарды ұйымдастыру және өткізу, тест тапсырмаларының базасын құрастыру болды.

2006 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасы көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің (1931-1998) «Қазақ киімі» атты кітабын басып шығарды.

2009 жылы республикамызда биометриялық паспорт беру басталды. Жаңа төлқұжаттың соңғы бетінде келесі мәліметтерді қамтитын көзге көрінбейтін электронды чип орнатылған: фамилия, аты, әкесiнiң аты, жынысы, туған жері мен туған күні, азаматтығы, төлқұжаттың нөмiрi, құжаттың берілген күні және пайдалану мерзiмi, жеке идентификациялық нөмiрi, цифрлық фотосуреті және иесінің қолы.

2010 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметін насихаттауды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген ресми веб-сайттың (www.osce2010.kz) таныстырылымы болды. Сайтта барынша кең сілтемелері бар бүгінгі күннің навигациясы және толықмәтінді іздеу жүйесі, сондай-ақ сайттың картасы орналастырылған.

2012 жылы Алматыда Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған фотоальбом жарық көрді. Алғаш рет оның отбасылық мұрағатынан туыстарымен және демалу кезінде түсірілген фотосуреттері, сонымен қатар Д.Қонаев тұрған пәтердің фотосуреттері көрсетілген. Фотоальбом беттерінде көрсетілген ордендер мен марапаттар, шетелдік мемлекет басшыларының сыйлықтары, Д.Қонаевтың атыс және суық қару жинағы мен оның бірегей оттық коллекциясы үлкен қызығушылық тудырды.

2017 жылы қазақстандық кинотеатрларда жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша түсірілген «Қазақ елі» жобасының алғашқы бөлімі – «Алмас қылыш» фильмі көрсетіле бастады. Фильм сценарийін жазған – Смағұл Елубай. Режиссері – Рүстем Әбдіраш. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен түсірілген.

2017 жылы The New York Times басылымы 2017 жылы әлемде адамдар баруы тиіс 52 орынды жариялады. Америкалық газеттің нұсқасы бойынша, Қазақстан бұл тізімде 26-орында.

2019 жылы Астанада кардиохирургтар жүрекке бірегей ота жасады. Науқас – жүрегінде ақауы бар 74 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Дәрігерлер аортальды клапанды транскатетерлік имплантациялауды және шағын инвазивті аортокоронарлық шунттауды жүргізуді шешкен. Жүрекке жасалатын гибридті отаның бұл түрі медициналық тілде дәл осылай айтылады. Мұндай отаның бар болғаны 7-еуі өткізілген. Қазақстандық кардиохирургтар сегізіншісін жасады.

2025 жылы Қазақстанда қазақ киносын дамыту стратегиясын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамы ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен бекітілді. Жұмыс тобының құрамына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің Кинематография басқармасының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, кинематография қайраткерлері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобының төрайымы болып ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Амангелдіқызы Құрманова тағайындалды.