Армения барлаушыларының күні. 1992 жылдың 5 қарашасынан, Армения Қарулы күштерінің барлау бөлімшелерін құру аяқталған күннен бастап аталып өтеді.
Ресейде Әскери барлаушы күні. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 490-ыншы бұйрығымен бекітілген. Перудегі Пуно күні. Үндістердің аңызында инктердің ежелгі ата-бабалары - Манко Капак пен оның апайы және әйелі Мама Окльо Титикака көлінің суынан шығып, қаланың негізін қалайды. Олар Манко Капактың алтын аса таяғы жерге кіретін орынды іздейді. Сол жерді таба салысымен инктердің қаласын тұрғыза бастайды. Пуно күні дәстүр бойынша Титикака көлінің жағасындағы сол аттас қалада аталып өтеді.
Халықаралық еріктілер менеджерлерінің күні
Бұл мереке көп жылдар бойы еріктілердің менеджментімен кәсіби түрде айналысқан америкалық Нан Хаутроунның арқасында пайда болды.
Панамадағы Колона тәуелсіздігінің күні
1903 жылы 3 қарашада Панама АҚШ қолдауымен өзінің Колумбиядан бөлінгені жайлы жариялады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 23 жыл бұрын (1992) Алматыда Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдық мерейтойына арналған театр фестивалі өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қойылымын сахналаған Жезқазған облыстық музыкалық драма театрының ұжымы бірінші сыйлыққа ие болды. 22 жыл бұрын (1993) Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» № 1394 қаулысы шықты. 16 жыл бұрын (1999) Көкшетау қаласында мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат Абылай хан ескерткіші ашылды. 11 жыл бұрын (2004) Қызылордадағы көшенің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді. Ол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары қала басшысының қызметін атқарған, маңайдағы ауылдарының біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандар арасында бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Ол Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған екен. С.Рысбаев - асқан мәдениетті адам болған, айналасындағыларға адамгершілікпен қарап, жанашырлығымен, тыңғылықты білімділігімен де ерекшеленген. 11 жыл бұрын (2004) Таразда республикалық жеңіл атлетикалық кросс жарысы өтті. Оған Қазақстанның сегіз облысынан 200 спортшы қатысты. Бірінші орынды Жамбыл облысының жеңіл атлеттері жеңіп алды. 10 жыл бұрын (2005) Семей қаласындағы «Весеняя» көшесіне қазақтың белгілі саяси қайраткері, «Алаш Орда» партиясы мүшелерінің бірі Райымжан Марсековтың есімі берілді. Дәл осы күні оған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Райымжан Марсековтың ұрпақтары мен туған-туыстары қатысты. Райымжан Марсеков мемлекетіміздің дамуы мен қалыптасуына өзінің елеулі үлесін қосқан. Ол алашорда қозғалысының белді жетекшілерінің бірі, белгілі заңгер болды, сотты басқарды. Райымжан Марсеков қуғын-сүргін жылдары елді тастап Қытайға жер аударуға мәжбүр болды. Қазақтың саяси қайраткері ұрпақтарының айтуынша, қаладағы көшелердің біріне Райымжан Марсековтың есімін беру үшін бірнеше жыл қажет болды. Қалалық мәслихат депутаттары ономастикалық комиссияның ұсыныстарын қолдады. 10 жыл бұрын (2005) «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігінде «Алыстағы әуен» кітабының таныстырылымы өтті. Жинаққа 100-ден астам өлеңдер кірді, оларды Қытайда тұрып жатқан қазақ композиторлары жасаған. Оқырман жаңа кітаптан Таңжарық Жолдыұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріпжан Жанұзақұлы, Сұлтан Мәжитұлы сынды композиторлардың шығармаларын таба алады. Жинақтың авторы - 80-жастағы Мұхаммед Әбдіқадырұлы (танымал опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көптеген Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Майра Мұхаммедқызының әкесі), ол ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданында тұрады және көп жылдар бойы халық шығармашылығының туындыларын жинайды және оларды зерттейді. Бұл оның жетінші кітабы. Бұрын оның күй, өлең және басқа да шығармалары жинақ болып шыққан және оның ұлттық музыкалық аспаптардың тарихына арналған кітаптары жарық көрген. 6 жыл бұрын (2009) Орал қаласының электрондық картасы жасалды. Оның ресми атауы - мемлекеттік қала құрылысы кадастры. Орал - мұндай картаға ие болған Астана мен Қарағандыдан кейінгі үшінші қала. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кадастры ақпараттық-құқықтық жүйесіне енетін картада қаланың бұрынғы және қазіргі аумағы, ғимараттары мен орындары, құрылысы мен инженерлік желілері туралы деректер бар. Оған ғимараттардан бастап, электр желілері бағаналары, бағдаршамға дейін бәрі енгізілген. Ол түрлі өзгерістерге байланысты толықтырылып отыратын болады. 6 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстан Республикасының ғалымы Берлин Иришевтің «Европаға жол. Евроодақ: интеграциялық моделінің тәжірибесі» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта ұлттық саясат (бюджеттік, қазыналық, әлеуметтік) және ұлт үстіндегі саясат (шақалық, бәсекелестік) арасындағы өзара қатынас жазылған. Бұл саясат түрлерінің мазмұны мен ерекшеліктеріне, кітаптың жеке бөлімі арналған, онда толығымен Евроодақтың қызмет істеу ерекшеліктері баяндалған. Автордың болашақ әлемдік валюта жүйесінің көрінісі тұжырымдамалық болып табылады, долларлық қалыптан үш тағанға (евро, доллар, юань) және содан бірлестірілген әлем валютасына келуі, аймақтық жүйе мен ұлт үстіндегі валюта арқылы болып саналады. Кітаптың бөлімі Евроодақ пен Орталық Азия арасындағы стратегиялық серіктестіктің қиындықтарын қарастыруға арналған. Аймақтағы интеграциялық модельдердің галактикасын қарастыра келіп, әліде олардың эмбриональдық қалыпта қалып тұрғанына, автор өз өкінішін білдіреді. Алайда автордың пікірінше бұл аймақ табиғат қорына бай болып келеді және нақты әлеует әлемдік геосаясатта маңызды субъект ретінде болуы әбден мүмкін. Көлемі 567 беттен тұратын жұмыс орнықты статистикалық және фактологикалық базасымен қамтылған: онда 70 астам кестелер, схемалар және диаграммалар бейнеленген. 6 жыл бұрын (2009) Қазақстанда биометриялық төлқұжаттар беріле бастады.
Жаңа төлқұжаттың соңғы парақшасында электронды чип бар. Онда тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні мен жері, азаматтығы, төлқұжат нөмірі, құжат берілген және жарамдылық уақыты, жеке идентификациялық нөмір, цифрлық фото мен иесінің қолтаңбасы бар.
Электрондық биометриялық құжат Қазақстаннан өзге әлемнің 17 елінде бар.
5 жыл бұрын (2010) Алматыда ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында көрнекті қазақ ғалымы, саяхатшы, жазушы Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығы құрметіне көрме ашылды.
5 жыл бұрын (2010) БҰҰ Даму бағдарламасы Астанада 2010 жылғы адам дамуы туралы «Халықтардың нақты байлығы: адам дамуына жол» атты ХХ мерейтойлық баяндамасын таныстырды.
5 жыл бұрын (2010) Өскеменде «Қазақстан - бейбітшілік елі» деректі фильмінің таныстырылымы өтті. Фильм ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырысы бойынша жасалған, ол Семей ядролық сынақ полигонының 1947 жылдан қазіргі күндерге дейінгі тарихын баяндайды.
5 жыл бұрын (2010) С. Торайғыроав атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Ата-баба даналығы - ұрпақтар игілігі» акциясы өтті. Акцияның мақсаты - қазақ фольклорының жанрлық және эстетикалық негіздерін, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығарылған «Бабалар сөзі» 100 томдық кітаптар сериясын насихаттау.
4 жыл бұрын (2011) Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында Әбілхайыр ханның үзеңгілес серіктерінің бірі Шоғы батыр Мұңалұлына ескерткіш ашылды.
3 жыл бұрын (2012) белгілі жазушы және ғалым Сырым Бөкейхановтың «Қымбатты менің алматылықтарым» кітабы шықты.
3 жыл бұрын (2012) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мухаммад бен Заид әл-Нахаянның шақыруымен Формула-1 жарыстарының кезекті кезеңі «Гран-при Әбу-Даби» финалдық сайыстарының ашылуына қатысты.
2 жыл бұрын (2013) Алматыда алғашқы медициналық-санитарлық көмек декларациясының 35 жылдығына арналған мемориалдық тақта орнатылды. Мемориальдық тақта Республика сарайының қасбетіне орнатылды - бұдан 35 жыл бұрын нақ осы жерде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматы декларациясы қабылданған болатын.
2 жыл бұрын (2013) «Аstana Рiano Рassion» жас пианиношылар байқауының финалисі Санжарәлі Көпбаев Қазақстанның «Ұлт болашағы» листингіне енгізілді.
1 жыл бұрын (2014) Франкфуртте жыл сайын өтетін әлемдегі ірі халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті.
Қазақстандық басылым «Алматыкітап баспасы» өзінің кітаптарын ұсынды. Ол үш тілдегі «Менің Қазақстаным» сериясы, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» оқулықтары бар. Кітаптар жиналғандардың, әсіресе, Колумбия өкілдерінің қызығушылығын тудырды.
9 жыл бұрын (2006) Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейн, сонымен қатар Барзан Ибрагим аль-Тикрити және Авад Хамед аль-Бандар 1982 жылы 148 шиғаны өлтіруге қатысқаны үшін өлім жазасына кесілді.
ЕСІМДЕР 74 жыл бұрын (1941) жазушы ШАХАНҰЛЫ Берік дүниеге келді.
1941 жылы 5 қарашада Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылында туған. 1959 жылы орта мектепті бітірген соң екі жыл шопан болып істеген. 1961 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түскен. Университетті бітірген соң 1966-1970 жж. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер, 1970-1973 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, 1973-1989 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, 1989-1991 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болып істеген. 1991-2002 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында аға референт болып қызмет атқарды. 1991-2002 жж. Қазақстан Жазушылар одағы кәсіподақ комитетінің Төрағасы. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. 2002 жылы 27 сәуірде шақырылған Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІ құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары болып сайланды. 2007 жылы 6 маусымда шақырылған Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІІ құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары болып қайта сайланды. Б.Шаханұлының есімі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының және Министрлер Советінің 1981 жылғы 26 мамырдағы қаулысы бойынша бесжылдықтың тапсырмаларын орындаудағы аса көрнекті табыстары үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылған. 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құса» атты повестер мен әңгімелер жинағы үшін 1992 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2002), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2003), «Астанаға 10 жыл» медалімен (2008) марапатталған. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның мүшесі болды. Б.Шаханұлына Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы желтоқсанның 5-індегі жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген. Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылының Құрметті азаматы. Алғашқы әңгімелері «Ақ теке» 1962 жылы «Балдырған» журналында, «Менің ағаларым» 1963 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Содан бері бірыңғай проза жанрында еңбек етіп келеді. Көркем аударма саласында да еңбек еткен. Әзербайжан жазушысы Анардың «Ақ жағалау» атты повестер, әңгімелер жинағын, нивхы жазушысы Владимир Сангидің «Қайырлы маусым» романы мен бір топ әңгімелерін қазақ тіліне аударып бастырған. 52 жыл бұрын (1963) ақын, Дүниежүзі қазақтары жыр мүшәйрасының екі дүркін жүлдегері ЕЛЕМЕС Құл-Керім дүниеге келді. Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесінде туған. 1986-1993 жылдары Іле Қазақ автономиялық облысының «Іле» газетінде бөлім редакторы, Шынжаң халық радиостансасының әдеби қызметкері болған. 1994 жылы атамекені Қазақстанға біржолата қоныс аударған. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ елі» газеттерінде тілші, «Жалын» баспасында аға редактор болып жұмыс істеген. Қазір республикалық «Балдырған» журналында бөлім редакторы. Ақынның «Ақ жалын», «Жұлдызды түн», «Жетінші аспан» атты жыр жинақтары жарық көрген. 10 күйдің авторы. 51 жыл бұрын (1964) киноактриса ДОСМАТОВА Гүлнар Абдуллақызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1985 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы. Кинодағы алғашқы елеулі ролі - «Даладағы қуғын» фильміндегі Әйгерім. 20-дан астам фильмге түскен. Олардың ішінде «Жеңімпаз», «Мерекенің үш күні», «Кардиограмма», «Адам тағдыры», отандық телесериал «Тоғысқан тағдырлар», және т.б. «Адамдық тағдыр» фильміндегі ролі үшін 1985 жылы Минскіде (Беларусь) өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін иеленген. 2000 жылы «Жыл таңдауы» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» атанды.
43 жыл бұрын (1972) Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкімі ЖҰМАБЕКОВ Болат Серікұлы дүниеге келді. Көкшетау облысында туған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын СҚО Тимирязев ауданында шаруа қожалығының агрономы болып бастады. 1999-2007 жылдары - аудандық жер ресурстарын басқару аудандық комитетінің төрағасы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы. 2007-2009 жылдары - СҚО Тимирязев ауданының әкімі. 2009-2011 жылдары - СҚО әкімі аппаратының жетекшісі. 2011-2012 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2012-2013 жылдары - Петропавл қаласының әкімі. 2014 жылғы ақпан-тамыз айларында - «JELS-ASTANA» ЖШС коммерциялық директоры. Қазіргі қызметінде - 2014 жылғы тамыздан бері.
95 жыл бұрын (1910-1969) 28 гвардияшы-панфиловшылардың бірі, Кеңес Одағының Батыры ВАСИЛЬЕВ Илларион Романович дүниеге келді.
Ресейдің Кемеров облысында туған. Бастауыш мектепті бітірген. Етікшілер артелінде, одан кейін кеңшарда жұмыс істеді. 1941 жылдан Қызыл Армия қатарында болды. 1941 жылғы қыркүйектен Ұлы Отан соғысындағы ұрыстарға қатысты. 1075 атқыштар полкінің мергені, қатардағы жауынгер (316-атқыштар дивизиясы, 16-армия, Батыс майдан). Дубосеково теміржол разъезінде (Мәскеу облысы, волоколам ауданы) 1941 жылғы 16 қарашада саяси жетекші В.Г.Клочковтың басшылығымен танкілерді жойғыш топ құрамында шайқасты, бұл топ 18 жау танкісін жайратты. Осы ұрыста ол ауыр жарақаттанды. 1942 жылы 21 шілдеде неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса берілді. 1943 жылы аға сержант И.Р.Васильев денсаулығына байланысты аримя қатарынан босатылды. 1963 жылға дейін Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Көксу ауылында, одан кейін Кемеров қаласында тұрды, 1969 жылғы 6 қазанда қайтыс болды. Кемеровта батыр атындағы көше, Кемеров облысындағы Промышленный ауданындағы Плотниково аулындағы мектепке есімі берілген. Мәскеу облысының Волоколам ауданындағы Нелидово деревнясында панфиловшы-батырларға мұражай ашылған. 28-панфиловшылар ерлік көрсеткен жерде мемориал орнатылған.
102 жыл бұрын (1913-1967) ағылшын актрисасы, екі мәрте Оскар сыйлығының иегері Вивьен ЛИ (Вивьен Мэри Хартли) дүниеге келді.
81 жыл бұрын (1934) кеңестік және украин режиссері және сценарист МУРАТОВА Кира Георгиевна дүниеге келді.
77 жыл бұрын (1938-1980) америкалық әнші және музыкант Джо ДАССЕН дүниеге келді.
63 жыл бұрын (1952) кеңестік футболшы, кеңес футболының көптеген рекордтарының иегері БЛОХИН Олег дүниеге келді.