5 қараша. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 5 қараша күні дүниеге келген тұлғалардың күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР


58 жыл бұрын (1960) Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары - Сағындық Есенғалиұлы ЛҰҚПАНОВ дүниеге келді.

1983 жылы Гурьев теміржол көлігі техникумын, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы нарық институтын бітірген. Еңбек жолын Маңғышылақ белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болып бастап, кейін электромеханик, аға инженер, өндіріс учаскесінің бастығы, дистанция бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1991 жылы Гурьев белгі беру және байланыс дистанциясының басшысы, 1999 жылы Ақжайық Бас белгі беру және байланыс дистанциясының директоры болып тағайындалған. 2002 жылы Магистральды теміржол желісі Атырау бөлімшесінің директоры, 2007 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы магистральды теміржол желісінің бас инженері болып қызмет атқарды. 2007 - 2010 жылдары «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша өкілдігінің директоры, кейін басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасы болды. 2012 жылдың қаңтарынан Атырау облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды.  

2017 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие, «Құрмет» орденімен марапатталған.


54 жыл бұрын (1964) Қазақстан кинематографшылар одағының мүшесі Гүлнар Абдуллақызы ДОСМАТОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1985 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы. 
Кинодағы алғашқы елеулі ролі - «Даладағы қуғын» фильміндегі Әйгерім. 20-дан астам фильмге түскен. Олардың ішінде «Жеңімпаз», «Мерекенің үш күні», «Кардиограмма», «Адам тағдыры», отандық телесериал «Тоғысқан тағдырлар», және т.б. 
«Адамдық тағдыр» фильміндегі ролі үшін 1985 жылы Минскіде (Беларусь) өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін иеленген. 2000 жылы «Жыл таңдауы» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» атанды. 

46 жыл бұрын (1972) Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі Болат Серікұлы ЖҰМАБЕКОВ дүниеге келді. 
Көкшетау облысында туған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. 
Еңбек жолын СҚО Тимирязев ауданында шаруа қожалығының агрономы болып бастады. 1999-2007 жылдары - аудандық жер ресурстарын басқару аудандық комитетінің төрағасы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы. 2007-2009 жылдары - СҚО Тимирязев ауданының әкімі. 2009-2011 жылдары - СҚО әкімі аппаратының жетекшісі. 2011-2012 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2012-2013 жылдары - Петропавл қаласының әкімі. 2014 жылғы ақпан-тамыз айларында - «JELS-ASTANA» ЖШС коммерциялық директоры. 2014-2018 жылдары СҚО Қызылжар ауданының әкімі болған.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың қаңтарынан.

31 жыл бұрын (1987) Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы ИСАҚҰЛОВ Рахымжан Ержанұлы дүниеге келді.

«Болашақ» бағдарламасымен Роял Холловей Лондон университетін «экономика және менеджмент бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жас көшбасшылар бағдарламасы аясында Жапония үкіметінің гранты негізінде Саяси зерттеулер ұлттық институтының «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығында оқыды. ҚР Президенті Әкімшілігінде әртүрлі лауазымдарда болды. ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінде мемлекеттік инспектор қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың қыркүйегінен.