5 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 5 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.


5 қазан. ЖҰМА

Халықаралық мұғалімдер күні

1994 жылдан бастап ЮНЕСКО шешімі бойынша атап өтіледі. 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен ЮНЕСКО бас конференциясында білім беру қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы алғашқы халықаралық құжат қабылданды.

Португалия Республикасы күні

1910 жылы монархия құлаған күн құрметіне атап өтіледі.

АӨСШК (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес) күні

АӨСШК - аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде азиялық мемлекеттердің ынтымақтастығы мен өзара ықпалдастығын нығайтуды мақсат етіп қойған Азия құрлығындағы мемлекеттерді біріктіретін халықаралық форум. Кеңесті шақыру жөніндегі идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынған болатын. Алғашқы АӨСШК саммиті 2002 жылы өтті.

Тәжікстан Республикасында мемлекеттік тіл күні

Бұл мереке 2009 жылға дейін 22 шілде күні аталып өтілетін. 2009 жылы 5 қазанда «Тәжікстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» жаңа заңының қабылдануына байланысты мерекенің датасы осы күнге ауыстырылды.

Дүниежүзілік жымию күні

1999 жылдан бері жыл сайын қазанның алғашқы жұмасы күні тойланады. Осы атаулы күнге суретші Харви Бэллдің еңбегі ерекше сіңді деуге болады, ол ХХ ғасырдың ортасында сақтандыру компанияларының бірінің тапсырысымен бүкіл әлемге танымал болған жымию символын ойлап тапты.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1868 жылы Гавриловское қыстағының орнында Талдықорған қаласы өз тарихын бастады. 1920 жылы Жетісу облыстық атқару комитетінің ұйғаруымен Гавриловка селосының атауы ресми түрде Талды-Қорған селосы деп өзертілді. 30-40 жылдары Талды-Қорған ауданының орталығы болып бекітіледі. 1944 жылы Талды-Қорған селосына қала дәрежесі беріліп, Алматы округінен бөлінді. 2001 жылдың 22 қыркүйегінен бастап, Талдықорған ҚР Алматы облысының орталығы болып саналады.

1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты (қазіргі Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті) ашылды.

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 47-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет АӨСШК шақырылымы туралы идеяны айтты. Әлемнің басқа өңірлерінен бір айырмашылығы, сол кезде Азияда мұндай құрылым жоқ еді және бұған дейінгі оны жасау әрекеттері  сәтсіздікпен аяқталған болатын. Бұл бастаманы уақыт талабы деп санайтын бірқатар Азия елдері қолдады.

1993 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденов тұрған үйге ескерткіш орнатылды.

1999жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Иранға ресми сапармен барды. Тараптар бірқатар келіссөздер жүргізіп, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы өзара қатынас туралы Декларацияға қол қойды.

2005 жылы Алматыда белгілі режиссер, Қазақстан Республикасының кинематографтар одағының мүшесі Қ.Омаровтың «Мұнай тамшысындағы тағдырлар» атты деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Республикамыздың мұнай саласындағы ардагерлеріне арналған фильм үш бөлімнен тұрады. Фильмде отандық мұнай саласының дамуы, ардагерлердің суық климаттық жағдайларда аянбай еңбек еткендері туралы көрсетілген.

2009 жылы Павлодарда облыстың білім саласының үздік қызметкерлері таныстырылған «Алтын қор» жинағы жарық көрді. Басылымға ерен еңбегі үшін жоғары кәсіби баға алған үздік мұғалімдердің аты-жөндері енгізілген.

2010 жылы Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясы төралқасының шешімімен Нұрсұлтан Назарбаев ТМД Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясының жоғары наградасы - Кәсіподақтар қозғалысына қосқан үлесі үшін Алтын белгімен марапатталды.

2011 жылы Алматы қаласының тарих музейінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуының 20 жылдығына арналған көрме ашылды.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы республикалық «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ құрылды.

2013 жылы «Көкшетау» Мәдениет сарайында Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

2015 жылы Алматыда «Ғасырлар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестиваль-байқауы өтті. Фестиваль-байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Башқұртстаннан 40-тан астам фольклорлық-этнографиялық ансамбль қатысты.

2016 жылы  Отандық режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» драмасы «Еуразия көпірі» кинофестивалінде «Гран-приді» жеңіп алды. Негізгі жүлдеден бөлек фильм тағы бір марапатқа ие болды. «Үздік әйел адам рөлі» номинациясы бойынша басты кейіпкердің анасының рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек үздік деп танылды. Бұған дейін актриса осы рөл үшін ұлттық «Тұлпар» жүлдесін иеленген болатын.

2017 жылы Словенияда жетінші рет өткен «2017- Любляна» форумында «Smart Almaty» жобасы ең үздік деп танылып, Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің арасында «Қалалардың болашағы» номинациясы бойынша екінші орын алды.

1921 жылы Лондонда жазушылардың халықаралық бірлестігінің (ПЕН-клуб) негізі қаланды.