5 қазан. Жылнама

ҚазАқпарат оқырман назарына 5 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: ҚазАқпарат

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық мұғалімдер күні (World Teachers' Day)1994 жылдан бастап ЮНЕСКО шешімі бойынша аталып өтеді. 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен ЮНЕСКО бас конференциясында білім беру қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы алғашқы халықаралық құжат қабылданды.

Қазақстанда мұғалімдер күні

Биылдан бастап Қазақстанда 5 қазанда Мұғалімдер күні аталып өтеді. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі қабылдады. Бұл дата 100-ден астам елде 5 қазанда аталып өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес күні

АӨСШК – аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде азиялық мемлекеттердің ынтымақтастығы мен өзара ықпалдастығын нығайтуды мақсат етіп қойған Азия құрлығындағы мемлекеттерді біріктіретін халықаралық форум.

Кеңесті шақыру жөніндегі идеяны алғаш рет ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынған болатын. Алғашқы АӨСШК саммиті 2002 жылы өтті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1868 жылы Гавриловское қыстағының орнында Талдықорған қаласының тарихы басталды. 1920 жылы Жетісу облыстық атқару комитетінің ұйғаруымен Гавриловка селосының атауы ресми түрде Талды-Қорған селосы деп өзертілді. 30-40 жылдары Талды-Қорған ауданының орталығы болып бекітіледі. 1944 жылы Талды-Қорған селосына қала дәрежесі беріліп, Алматы округінен бөлінді. 2001 жылдың 22 қыркүйегінен бастап, Талдықорған ҚР Алматы облысының орталығы болып саналады. 2022 жылдың маусым айынан – Жетісу облысының орталығы.

1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты (қазіргі Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті) ашылды.

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 47-сессиясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет АӨСШК шақырылымы туралы идеяны айтты. Әлемнің басқа өңірлерінен бір айырмашылығы, сол кезде Азияда мұндай құрылым жоқ еді және бұған дейінгі оны жасау әрекеттері сәтсіздікпен аяқталған болатын. Бұл бастаманы уақыт талабы деп санайтын бірқатар Азия елі қолдады.

1992 жылы Бас Ассамблеяның пленарлық отырысында ҚР Президенті Н. Назарбаев БҰҰ-да жаңа Тәуелсіз Мемлекет басшысы – БҰҰ мүшесі ретінде алғаш рет сөз сөйледі. Қазақстан Президенті мүше мемлекеттерге «1 1» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігер қорын құруды бастауды ұсынды. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді.

1993 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденов тұрған үйге ескерткіш орнатылды.

2007 жылы Душанбеде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Көші-қон органдары басшыларының кеңесі құрылды. Оның құрамына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның көші-қон органдарының басшылары кіреді. Көші-қон органдары басшыларының кеңесі – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органы. Ол көші-қон саясаты саласындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз етуге және мәселелерді шешуге арналған.

2010 жылы С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы АҚШ Федералдық мемлекеттік департамент сыйлығын алды.

2011 жылы Гомель қаласында Қазақ киносы күндері өтті. Ашылу рәсімінің фильмі ретінде Сергей Бодров, Иван Пассер және Талғат Теменовтың «Көшпенділер» тарихи драмасы таңдалып алынды.

2012 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Президенті жанындағы республикалық «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ құрылды.

2013 жылы «Көкшетау» Мәдениет сарайында Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

2013 жылы Андреев кафедралы соборына бірегей православиелік ғибадатхана – Грекияның Афон тауындағы Православиелік Преображенский Кутлумуш монастырында сақталған Христостың өмір беретін крестінің бөлшегі жеткізілді. Православ христиандары қасиетті санайтын бұл крест бөлшегі архимандрит шіркеуінің басшысы Христодулостың келісім беруімен, Афон тауы (қасиетті тау) әулиелер қоғамдастығының Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың өтінішхатына рұқсаты бойынша жеткізілді.

2015 жылы Әйтеке би ауданында Кіші жүздің ұлы ханы, жоңғарлардан азат ету күресінде біріктірілген қазақ халқы жасақтарына қолбасшы болған Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» ортағасырлық қорымында қазақтың ең атақты хандарының біріне арналған мемориалдық кешен ашылды.

2016 жылы қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» драмасы «Еуразия көпірі» кинофестивалінде «Гран-приді» жеңіп алды. Негізгі жүлдеден бөлек фильм тағы бір марапатқа ие болды. «Үздік әйел адам рөлі» номинациясы бойынша басты кейіпкердің анасының рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек үздік деп танылды. Бұған дейін актриса осы рөл үшін ұлттық «Тұлпар» жүлдесін иеленген болатын.

2018 жылы Амангелді ауданында А. Иманов атындағы музейге Кейкі батырдың мүсінін алып келді. Оны жасаумен венгриялық ғалым-антропологтер айналысқан.

2019 жылы Алматыда шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған халық жазушысы, қоғам және саяси қайраткер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртаза тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды.

2021 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-19» басқарылатын ғарыш кемесі және әлемдегі алғашқы түсіру тобы бар «Союз-2.1а» зымыран тасығышы ұшырылды.

Бортта ресейлік актриса Юлия Пересильд, режиссер Клим Шипенко және ғарышкер Антон Шкаплеров болған. Түсіру тобы ғарышта кәсіби актерлердің түсірілімімен кинематография тарихындағы алғашқы картина болатын «The Challenge» фильмі үшін ХҒС-қа аттанды.

2022 жылы Қарағанды ​​облысының жұртшылығымен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балқаш қаласының әуе айлағын еліміздің әуежайын дамыту бағдарламасына енгізуді ұсынды.

«Жазғы маусымда Балқашқа ұшу билеттерін субсидиялау мәселесін пысықтаған жөн. Сондай-ақ, маусымдық және туристік ағынды ескере отырып, жаңа әуе және темір жол бағыттарын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Осындай кешенді шаралардың арқасында ғана Балқаш ішкі, болашақта халықаралық туризм үшін тартымды орынға айналады. Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, осы мәселелерді пысықтап, қаланы дамытудың кешенді жоспарында тиісті шараларды қарастыруды тапсырамын», - деді Қ. Тоқаев.